Биыл 13 мыңнан астам алматылық «Бақытты отбасы» орталықтарына жүгінген

22.06.2022

Қала тұрғындарының басым бөлігі орталықтардың арқасында жұмыс тапты. Сонымен қатар 1500-ден астам адам демеушілерден материалдық қолдау алды. Бұл туралы Алматы қаласы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зульфия Байсақова айтты.

«Біздің орталықтар көпбалалы отбасыларға барынша қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Сонымен қатар, біз отбасылық құндылықтарды дәріптейміз. «Бақытты отбасы» орталықтарымен қатар дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы жұмыс істейді, онда мыңдаған адам оқыту курстарынан өтті, мыңнан астам әйел өз ісін ашуға және дамытуға: тігін шеберханаларын, аспаздық, баспаханаларды, сұлулық студияларын ашуға және дамытуға өтеусіз гранттар алды», - деді Зульфия Байсақова.

Айта кетсек, орталықтарға тек көпбалалы аналар ғана емес, сонымен қатар домбыра ойнауды, актерлік шеберлікті, биді, қолөнерді үйренетін балалар да барады. Сондай-ақ балаларға орыс және ағылшын тілдері, вокал, хореография бойынша курстар қолжетімді.

«Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» орталықтары халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсетеді, оларды түрлі бағыттар бойынша оқытады: ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, тігін ісі, бизнес-жоспарлау, киім дизайны, кәсіпкерлік, бухгалтерия, аспаздық, киіз басу, кірпікті ұзарту, маникюр, визаж, шаштараз қызметтері, пішу және тігу, СММ-маркетинг, киім дизайны, ұялы телефондарды жөндеу, кондитер, аспаз және тағы басқалары. Жыл басынан курсты 1611 адам аяқтады. Биыл 13 мыңанан астам алматылық орталыққа жүгінді»,- дейді ол.

Еске салсақ, мұқтаж отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Бақытты отбасы» орталығы қаланың әр ауданында 2019 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істейді.

Қазір олардың саны тоғызға жетті.

Бүгінде Алматыда 32 278 көпбалалы отбасы тұрады, оның ішінде 5001 адам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталды.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz