Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан қаланың жаңадан қосылған учаскелеріндегі жол инфрақұрылымы құрылысы бойынша қала әкімі тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтты.
«Шеткі аумақтар бойынша 200 км жолдың негізгі бөлігіне – 50%-тен астамына орташа жөндеу жүрігізілді. Бұл Алатау, Наурызбай және Бостандық аудандары. Бұрын қатты жабын болмаған шағын аудандарда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Аталған ЖСҚ жүзеге асырылғаннан кейін шамамен 111 км жол пайда болады», — деп атап өтті спикер.
9 аудан бойынша ЖСҚ әзірлеу аяқталып келе жатқаны атап өтілді.
Жалпы үстіміздегі жылы қаладағы 177 көшеде ұзындығы 47,4 км жаңа жол салынуда. Оның ішінде 112 көше бойынша ұзындығы 18,6 км жол құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 65 көшеде ұзындығы 28,8 км жолдың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Жол инфрақұрылымының сапасына қатысты мәселелер бойынша қала тұрғындары 1308 нөмірі арқылы Open Almaty қоғамдық қабылдауына жүгіне алады немесе Алматы қалалық мобилділік басқармасының әлеуметтік желілердегі аккаунттарына жазуға болады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі