Б. Сағынтаев «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесін ашты

23.11.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің ашылуы өтті.

Іс-шара Елбасы Кітапханасының «Қазақстан жолы» жобасының аясында өтті, оның негізгі идеясы болашақтың қоғамын құрудың серпінді процесі ретінде 30 жыл бойы еліміздің өңірлері мен қалаларының дамуын панорамалық келбетін көрсету болып табылады.

Қонақтарды жылы қарсы алған Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Тәуелсіздік күні қарсаңында Тәуелсіздік бесігі – Алматы қаласына арналған көрмені ашуымыздың символдық мәні өте зор. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанда мемлекетіміздің егемендігінің негізін қалаған тарихи оқиғалар орын алды, 1-ші желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы, 10-шы желтоқсанда Мемлекет басшысының ресми ұлықтау рәсімі өтті және 16-шы желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігі ресми жарияланды», - деді.

2015 жылы Н.Ә. Назарбаев «Алматы көктемі» іс-шарасында сөйлеген сөзінде: «Алматы-мәңгілік көктем қаласы, Орталық Азияның інжу-маржаны... Бұл мегаполис – Қазақстан тәуелсіздігінің «алтын бесігі», республикамыздың жаңа тарихы басталған қасиетті мекен болып табылады» деген еді.

«Біздің Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл қаланың тарихи рөлі ерекше. Қазір Алматы – біздің экономикамыздың басты қозғаушы күші», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев.

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің негізгі мақсаты – Алматы қаласының архивтік құжаттарды, фотосуреттерді, мұрағаттар мен музейлер жинақтары мен Елбасы Кітапханасының экспонаттарын көрсету арқылы Алматы қаласының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы орны мен рөлін көрсету.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсынылған экспозициялар мегаполистің Тәуелсіздіктің отыз жылындағы жетістіктеріне арналғанын атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Алматы экономикасы 1993 жылғы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін, ал жан басына шаққандағы ЖӨӨ 342,5 АҚШ долларынан 16,7 мың АҚШ долларына дейін өсті. Халық саны 1,8 есеге артты; 1991 жылғы 1 134 мың адамнан 2021 жылы 2 миллионнан астам адамға дейін. Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде қала еліміздің ғылыми, білім беру, зияткерлік орталығы болып қала береді және біздің ұлтымыздың бірегейлігінің айқын көрінісі болып табылады», - деді Б. Сағынтаев.

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі үш экспозициядан тұрады:

1. «Тәуелсіздіктің бастауы» - бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 1991-1997 жылғы оқиғалар хроникасы, сондай-ақ Алматы қаласында қабылданған маңызды тарихи шешімдер.

2. «Қазақстандық жол: Алматының 30 жылдағы жетістіктері» – мегаполистің тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени салалардағы, сондай-ақ спорттағы негізгі жетістіктері туралы материалдарды көрсетеді. Көрермендерге интерактивті түрде қаланың әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесі туралы Алматы қаласында 1991-2021 жылдары болған 30 маңызды оқиғамен танысу мүмкіндігі ұсынылды.

3. «Біздің болашағымыз: Алматы – 2050 Стратегиясы» - бөлімінде Алматының ұзақ мерзімді дамуының басты бағдарлары мен стратегиялық басымдықтары айшықталған: Алматы – шетсіз қала; «ақылды» қала; тең мүмкіндіктер қаласы; қауіпсіз қала; жасыл қала; жаһандық іскерлік орталық; мәдени, креативті қала.

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде 2022 жылғы 28 қаңтарға дейін жұмыс істейтін болады, мекенжайы: Бейбітшілік көшесі, 11.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі