Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Aкimat Live бағдарламасының тікелей эфирі барысында қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, орта және жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесін шешу туралы әңгімеледі.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың басты себебі – олардың алған білімдерінің бүгінгі нарық талаптарына сай келмейтіндігі. Бұл мәселе жүйелі өзгерісті қажет етеді.
Осыған байланысты өткен жылы 9-11 сынып оқушыларына жұмысшы мамандықтарын беретін орта арнайы білім саласына сараптама жүргізілді.
Қалада барлығы 80 колледж бар, биылғы жылғы түлектер саны шамамен 16 мың адамды құрайды, олардың ішінде 15 744 адам немесе 98,4%-і жұмысқа тұрды. Биылғы жаңа оқу жылында қала колледждердегі 11 219 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді.
«Мұнда қаланы дамыту бағдарламасын, оның ішінде Алматының 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын ескере отырып, мамандықтар тізімі қайта қаралды. Нәтижесінде үстіміздегі жылдың тізімінде IT-сала, сервисті экономика, құрылыс салаларына ерекше назар аударылды», - деді Б. Сағынтаев.
Экономика салалары бөлінісінде мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы: IT-сала, байланыс, телекоммуникация - 2308 (20,6%); сревис, экономика - 2289 (20,4%); көлік - 1800 (16%); энергетика, машина жасау - 1180 (10,5%); құрылыс - 1021 (9,1%); тамақ өнеркәсібі - 850 (7,6%); білім - 775 (6,5%); медицина - 391 (3,5%); цифрлы полигарфия - 350 (3,1%); туризм - 200 (1,8%); ауыл шаруашылығы (ветеринарлық медицина, ландшафт дизайны) - 100 (0,9%).
«Жұмысшы мамандығын насихаттау және NEET санатындағы жастарды қаланың экономикалық өміріне кеңінен тарту үшін былтыр біз адамдар көп жиналатын орындарда «Мобильді қабылдау комиссияларын» құрдық. Мұндай комиссиялар 5 базардың, теміржол вокзалының, 4 мешіттің аумағына орналастырылды. Қаланың шамамен 6 мыңға жуық жас тұрғыны бұдан өздеріне қажетті кеңес алды. Колледждерге NEET санатындағы 500 адам қабылданды. Үстіміздегі жылы коронавирус індетіне қатысты МҚК-ның жұмысы уақытша тоқтатылды», - деп хабарлады Алматы әкімі.
Бұдан өзге, дуальді білім беру бойынша жұмыс жүруде. Үстіміздегі жылы дуальді білім беру аясында 308 кәсіпорынмен үшжақты 3500 келісімге қол қойылды.
Бүгінгі таңда қала колледждерінің бүкіл оқу процесі біртіндеп осы жүйеге көшуде, оның негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің талаптары бойынша практикалық бағытта білім беру және кейін түлектерді жұмысқа орналастыру. Бұл болашақта орта арнайы білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға оң ықпал ететін болады.
ЖОО-ның түлектеріне келетін болсақ, бүгінгі таңда жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарға «Еңбек» бағдарламасы бойынша еңбекақы төленетін жастар практикасы ұсынылады.
Жастар практикасына оқу бітірген соң үш жыл жұмыссыз жүрген 29 жасқа дейінгі жастар жіберіледі. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы – 6 ай. Еңбекақы мөлшері 69 450 теңге, (салық, міндетті әлеуметтік төлемдер, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банк қызметтерін қоса есептегенде), оны ай сайын Жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі