Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жастар саясатын іске асыру, оның ішінде жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды.
Ең өзекті мәселенің бірі жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 25 313 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 10 740, қоғамдық жұмыстарға – 7 142, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша – 1 503, әлеуметтік жұмыс орындарына – 361, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша – 4 027 жас жұмысқа орналасты, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 858 жас кәсіпкерлік негіздерін оқыды, 448 жасқа грант берілді, 234 жас қысқа мерзімді курстарда білімдерін жетілдірді.
«Self-Made» әлеуметтік жобасы аясында 50 ұлттық және жеке компаниямен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен тағылымдамадан өту туралы меморандумдарға қол қойылды. Колледждердің 150 үздік түлегі тәжірибеден өтті.
Бұдан өзге кәсіптік-техикалық білім беретін 43 мекеменің 5 мыңға жуық студенті қаланың 351 кәсіпорнында 38 мамандық бойынша дуальды оқумен қамтылды. Колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту және жаңарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Былтырдан бастап жастарды қолдау шаралары туралы қолжетімді ақпаратпен кеңірек қамту мақсатында барлық ауданда «Алматы жастары» жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Оларда ХҚКО қағидатымен жұмыспен қамту, тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі. Мұнда «Атамекен» ҰКП-ның, Халықты жұмыспен қамту орталығының және «Отбасы банкінің» қызметкерлері түрлі консультация береді. Ресурстық орталықтарға жүгінген 300-ден астам жас «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 8 мыңға жуық адам кеңес алды.
Осыған орай Алматы әкімі Б. Сағынтаев жастарды қолдау мәселелеріне, әсіресе оларды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл дамудың жол картасын іске асыруға және қала жастарын қолдауға қатысатын барлық аудан әкімдерінің және басқарма басшыларының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Кеңес барысында жастардың демалысын дұрыс ұйымдастыру, қосымша білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мәселен, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жастардың және жас отбасылардың қолжетімді баспана мәселесін шешу үшін қалада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге тұрғын үйді жалға беру жалғасуда. 2019-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша 1400 пәтер бөлінді. Биыл 1050 пәтер үлестіру жоспарланған. Бұдан өзге «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы бойынша 1 мың жас алматылық баспаналы болды. Биыл да осынша жасқа пәтер берледі.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты ескерту, атап айтқанда нашақорлықтың алдын алу мәселелері ерекше назарда. Соңғы 3 айда Полиция департаменті осы салада 258 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Мегаполис әкімінің тапсырмасына сәйкес Полиция департаменті білім және қоғамдық денсаулық басқармаларымен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі тиіс. Осы орайда алдын-алу шараларына ерекше назар аудару қажет.
Кеңесті қорытындылаған Алматы әкімі Б. Сағынтаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жастардың өтініштерін шешуді үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың басшылығымен үйлестіру тобы құрылды. Сонымен қатар жастарды дамыту мен қолдаудың 2025 жылға дейінгі жол картасы өзектендіріледі.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі