Алматыда жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ке жетеді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы жеке парақшасында жол-көлік инфрақұрылымын салу және жөндеу туралы айтты.
«Өткен жылдағыдай жұмыстың басым бөлігі Жаңа Алматыда жүргізілуде. Қаланың ықшамаудандарына айналған бұрынғы ауылдардың тұрғындары жолдар мен тротуарлардың жоқтығы туралы бірнеше рет мәселе көтерген еді. Оны шешуді өткен жылы қолға алдық, орталықтан алшақ жатқан тұрғын аймақтарын инфрақұрылымдық жағынан жаңғырту үшін бюджетті нақтылап, қаржы бөлдік», — деп жазды Б. Сағынтаев.
Оның айтуынша, таяудағы екі апта ішінде жол жөндеушілер осы жылға жоспарланған жұмыс ауқымын аяқтауы тиіс. Осылайша, мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ке жетеді.
Айта кетерлігі, 2020 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде шеткі ықшамаудандардағы 177 көше жөнделді. Бүгінгі күні 265 көше жөнделді, ал ұзындығы 18 шақырым болатын 18 көшеде жөндеу жұмыстары жүруде.
Бұдан өзге, үстіміздегі жылы ұзындығы 47,8 шақырым болатын 177 көшеде жаңа жол салынуда. Ұзындығы 35 шақырымдық 144 көшеде жол құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін ұзындығы 12,8 шақырым болатын 33 көшеге жол салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Өжет, Ұлжан-1, Ұлжан-2, Шаңырақ-2, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Дархан-Байбесік, Трудовик (Томирис), Алғабас-АЗТМ, Жас қанат, Қарасу, Көк-Қайнар, Ақбұлақ, Саялы-2 ықшамудандарында жаңа жолдар салынуда. Оның ішінде Әйгерім-1, Әйгерім-2, Шаңырақ-2, Ұлжан-1, Дархан-Байбесік ықшамаудандарындағы жолдар пайдалануға берілді. Жалпы бұл жерлерде 122 мыңнан астам адам тұрады.
Сонымен қатар 2020 жылы Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа жолы қиылыстарындағы үш жолайрық құрылысы жалғасуда. Абай даңғылы мен Саин көшелерін ұзарту жұмыстары жүруде. Солтүстік айналым көшесі – Москвин көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Жұмабаев көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі – Боралдай көшесінің оңтүстігі, Майлин көшесі – Тоқай көшесінде жаяу жүргіншілердің жерүсті 4 өткелі құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Еске салсақ, бұдан бұрын Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында жол, өтпежол, жолайрықтарының құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс сапасын қатаң сақтауды және көрсетілген мерзімде пайдалануға беруді тапсырған болатын.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі