Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары барысында Аюсай өзенінің сағасынан төмен Ақсай мен Үлкен Алматы өзендері бассейндеріндегі селден қорғайтын бөгеттердің құрылысымен танысты.
Үлкен Алматы мен Ақсай өзендерінің бассейнінде сел қаупі аса жоғары.Бұл өзендердің жоғарғы ағысында 114 мұздық пен 35 мореналық көл бар. Жойқын сел болса 5 мыңнан астам нысан мен 40 мыңнан астам адам қауіпті аймақта қалуы мүмкін.
Салынып жатқан бөгеттер Наурызбай, Әуезов пен Алатау аудандарының тұрғындары мен нысандарын қорғауды қамтамасыз етеді. Құрылыстың аяқталу мерзімі — 2023 жыл.
Б. Сағынтаев сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілерінің құрылысын, сондай-ақ Таужолы ықшамауданындағы жолдың қалай қалпына келтіріліп жатқанын тексерді.
«Тұрғындар желі тартылған Досмұхамедов магистралды көшесінің жағдайына алаң. Жолды қалпына келтіруді бастау үшін мұнда қалған 40 үйдің иелері желіге қосылуды тездетуі тиіс. Қазірдің өзінде мердігер дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деп жазды қала әкімі Instagram-дағы парақшасында.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі