Б. Сағынтаев Медеу ауданындағы абаттандыру жұмыстарының қарқынын тексерді

03.11.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кезекті жұмыс сапары кезінде Медеу ауданының саябақтарын, скверлерін, аулалары мен жағалауларының жөнделуі және абаттандырылу барысын тексерді.

Өзінің Instagram-дағы парақшасында Б. Сағынтаев Кіші Алматы өзені жағалауындағы абаттандыру жұмыстары жайында жазды. Ұзындығы 8,9 шақырым болатын Терренкур су қоймасының экожүйесі сақтала отырып, бұл жер абаттандырылып, ретке келтіріледі. Ұзындығы 4,2 шақырым Есентай өзенінің су қорғау белдеуі мен арнасында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Өзен арналары тазартылып, жағалауы нығайтылуда. Осылайша қала аумағында бірегей табиғи парк құрылады.

Коперник пен Добролюбов көшелерінің қиылысында балалар және спорт алаңы бар, жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы аймағы мен Кіші Алматы өзенінің жағалауы абаттандырылған қоғамдық кеңістік салынуда. Бұрын бұл жер қараусыз жатқан учаске еді. Сондай-ақ ауданда Бөгенбай батыр көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы, Достық саябағы мен аула аумақтары жөнделіп, қайта құрылуда.

«Бастысы құрылыс материалдарының сапасына мән беріп, жаяу жүргіншілер аймағы мен демалыс орындарын салу кезінде азаматтардың пікіріне құлақ асуды тапсырдым. Дәл осылай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы мен қараусыз жатқан Шухов сквері жөндеуден өткен еді. Сондай-ақ саябақ пен жаяу жүргіншілер аймағы, аулалар жаңартылады», — деп жазды Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Жалпы биыл қалада 20 сквер мен 2 саябақ жөнделіп, 16 жасыл аймақ пен 7 жаяу жүргіншілер көшесі, 5 өзен жағалауы абаттандырылмақ. Барлық абаттандырылатын аймақтардың жалпы ауданы — 284 га.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі