Б. Сағынтаев Медеу ауданы тұрғындары өтініштерінің шешімі туралы айтты

03.11.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде тұрғындары бірнеше мәрте көмек сұраған Медеу ауданының түйткілді учаскелерінде болды.

Мәселен, «Думан» ықшамауданында 18,5 шақырым сумен жабдықтау және 26 шақырым су бұру желілерінің құрылысы аяқталуда. Қоғамдық көлік бағыттары өтетін 6 көшеде – Хан Тәңірі, Қазығұрт, Қарқаралы, Ақмешіт, Борабай, Болашақта 3,7 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында хабарлағандай, бұл жұмысты қарашада аяқтау жопарланған.

«Келесі жылы қалған 53 көшенің жолдарын жөндейміз. Сондай-ақ «Мұзтау» ықшамауданында инженерлік желілерді салуға байланысты қазылған жол жабынын тез арада қалпына келтіруді тапсырдым. Бутаковка шатқалына апаратын жолдың ұзындығы 4,6 км. Бұл жол туристік бағыттардың қатарына кіреді», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Тағы бір мәселенің шешімі жауын-шашын салдарынан көшкін жүруі ықтимал «Компот» деп аталатын массивтің тұрғындарын қорғауға мүмкіндік берді. Коккинаки көшесіндегі қауіпті аймақта 42 үй болған. Биыл жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 350 шақырым болатын беткейді нығайту жоспарланған. Алмалық көшесі бойындағы еңісті нығайтып, арық жүйесін орнату жұмыстары аяқталды, мұндағы қауіпті аймақта 60 үй болды.

Еске салсақ, бұрын тау бөктерінің тұрғындары көшкін қаупінен қорқып, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтан көмек сұраған еді. Оның тапсырмасы бойынша қаражат бөлініп, беткейлерді нығайтуға мүмкіндік беретін габион құрылымдарының құрылысы жүзеге асты. Сонымен қатар жаңбыр суын ағызатын арықтар жасалуда.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі