Б. Сағынтаев: Құрылыс ережелері қала мен тұрғындардың мүдделері үшін қабылданды

02.06.2021

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде қалада құрылыс жүргізудің жаңа ережелерінің қала тұрғындарының мүдделерін ескере отырып, қала құрылысын реттеу мақсатында қабылданғанын айтты.

Алматыда құрылыс жүргізудің ережелері 15 жылдан кейін алғаш рет қабылданып отыр әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тарихи орталықтың ерекше архитектуралық келбетін сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымды, көгалдандыруды дамытуға баса назар аудару, қала құрылысын реттеу мақсатында әзірленді.

Құжатты дайындау кезінде қала құрылысын реттеудің халықаралық тәжірибесіне, Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтеріне, қала құрылысын жоспарлаудың архивтік материалдарына талдау жүргізілді.

Сондай-ақ, қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының нүктелі құрылыстарға, аулаларды салуға, қабатттар саны мен тұрғындардың тығыздығына қатысты пікірлері ескерілді.

17 ақпанда құжат жобасы Алматының Бас жоспарын түзету жобасы бойынша жұмыс топтарының қатысушыларына талқылауға ұсынылды. 25 наурызда жоба НҚА порталында көпшілікке жария етілді. Мұнда қала тұрғындарының пікірлері мен ұсыныстары да жарияланды. Олардың бәрі назарға алынып, құжатқа енгізілді.

«Енді біз қала құрылысы процесін қаламыздың тарихи және әлеуметтік ерекшеліктерін әрі алматылықтардың пікірін ескере отырып,реттей аламыз», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Ережелерге тарихи орталықтың сақталуы, нүктелі құрылысқа тыйым салу негіз болған. Қала тұрғындарының жайлы, эстетикалық тұрғыдан қолайлы, қауіпсіз орта, қолжетімді инфрақұрылым жөніндегі ұсыныстары ескерілді.

Бұл ережелер – Алматыны жақсарту үдерісіндегі үлкен қадам әрі қала құрылысын жоспарлаудағы, жайлылық пен тартымдылық жолындағы ауқымды шара.

Ережеде Алматының бірегей сәулеттік келбетін және әрбір қала тұрғыны үшін көгалдандыру аумағын сақтау ерекше орын алады. Қала құрылысын жоспарлауда жобалар қоғамдық талқылаудан өтетін болады.

Тарихи және мәдени ескерткіштер қорғалатын аймақтар шекарасында тарихи ғимараттардың құрылымы мен стилін, пропорциялары мен биіктігін бұзуға жол берілмейді. Сондай-ақ, рұқсат етілген шекті биіктіктен және аймақтағы ғимараттардың орташа биіктігінен асуға рұқсат етілмейді. Тарихи аймақтағы және 50 метрге дейінгі радиустағы тарихи-мәдени ескерткіштер қорғалатын аймақтарында сәулеттік шешімнің бұзылуына тыйым салынады.

Халықтың тығыздығына келетін болсақ, кварталды құрылыстың 1 гектарында тұрғындардың тығыздығы 440 адамнан, ал тарихи орталықта гектарына 300 адамнан аспауы тиіс.

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі