Б. Сағынтаев алматылықтар мен қала қонақтарын тауда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

05.01.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тау туризмінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау-құтқару пунктілері ашылып, тау соқпақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасатынын хабарлады.

«Өзінің таңғажайып табиғатымен мәшһүр Іле Алатауының таулары алматылықтар мен қала қонақтары үшін көрікті әрі тартымды мекеннің бірі. Бұл ретте тауда қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Біз өз кезегімізде осындай жорықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстарды қолға алдық», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, Алматының тау кластерін дамыту аясында мың шақырымнан астам тау бағыттары цифрландырылды, оның ішінде жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 36 бағыт абаттандырылды.

«Қазірдің өзінде мың шақырымнан астам тау маршруттарын цифрладық, оның жалпы ұзындығы 500 км болатын 36-сы абаттандырылды. Маршруттардың схемасы мен оның күрделілігі көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылды. 2021 жылы 120 шақырымға жететін тау жолы абаттандырылмақ. Кіші және Үлкен Алматы шатқалында екі бақылау-құтқару пунктінің құрылысы қарастырылған. 16 тау құтқарушысы тәулік бойы кезекшілік етеді», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Мегаполис әкімі шалғай орналасқан 14 тораптық учаскеде туристердің  күрделі ауа райы жағдайында қорғануына арналған арнайы орындар жасалатынын айтты.

«Шалғайда орналасқан 14 тораптық учаскеде күрделі ауа райы жағдайын күтуге болатын жасырыну орындарын ұйымдастырамыз. «Тұйық су» шатқалында тікұшақ алаңын құру жоспарда бар. Түрлі нүктелерде дабыл түймелері бар 10 радиорелелік діңгекті орнату және «Tau Go» смарт-навигатор қосымшасын әзірлеу көзделген», — деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев.

Тау беткейлерінде сақтық ережелерін күшейту мақсатында «Шымбұлақ» ТК визит орталықтары мен «Медеу» стансасы базасында тауға шығар алдында тұрақты түрде нұсқаулықтар өткізіліп, экскурсия жүргізетін кәсіби гидтермен бірге саяхаттар ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі