21.10.2020

Үкімет Алматыдағы ЖЭО-2-ні газдандыру жобасын мақұлдады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды көптен күткен шешім еді деп атады.

«Көптен күткен Алматыдағы ЖЭО-2-ні газдандыру туралы шешім қабылданды», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Бұл ретте қолданыстағы қазандық агрегаттарын реконструкциялау жолымен ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстырудың еңбек шығыны және құны бойынша оңтайлы нұсқасы таңдалды.

Жаңғырту жұмыстары қоршаған ортаға күкірт тотығы және күлдің бөлінуіне жол бермейді. Ауаға бөлінетін азот тотығы мен көмірқышқыл газының мөлшері де әдеуір азаяды.

«Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», — деп атап өтті Алматы әкімі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі