29.12.2020

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді, оның барысында үстіміздегі жылы атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2021 жылдың бірлескен жоспары талқыланды. Атап айтқанда, пандемия жағдайында халыққа көрсетілетін қолдау шаралары, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, көлік инфрақұрылымы және энергетика саласындағы жобаларды іске асыру, қаланың бас жоспары мен бірыңғай дизайн-кодын әзірлеу және бекіту, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау және т.б. мәселелер.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов COVID-19 коронавирусынан туындаған әлемдік пандемияға және іс-шараларды өткізу бойынша енгізілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланыс  Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі оқиға орнына барып, қоғамдық мониторинг жүргізуді қоспағанда, онлайн-конференция форматына көшті. Осылайша, кеңес отырыстарында COVID-19-ға қатысты жағдай, медициналық мекемелердің жұмысы, азық-түлік бағаларының мониторингі, әлеуметтік маңызы бар бағыттар мен қалалық автобус бағыттары бойынша қызмет көрсету, карантин кезінде медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау және т.б. мәселелер талқыланды.

Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Транспаренси Қазақстан» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов сәулет және құрылыс мәселелеріне тоқталды, сонымен бірге әкімдік белгілеген мерзімде ЖЭО-ын газдандыру шешімін қолдайтынын айтты.

«Біріншіден, әкімдік пандемия, локдаун кезінде қаланың тыныс-тіршілігі қалыпты болуын қамтамасыз етті. Соның арқасында халық дүрбелеңге түскен жоқ. Екіншіден, соңғы онжылдық бойы көтеріліп келе жатқан ЖЭО-ын газдандыру мәселесі шешілді. Үшінші жетістік  - қаланың стратегиялық жоспары қабылданды», - деді «Қазақстан Республикасының кооперативтері мен басқа да экономикалық қауымдастық формаларының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Қазбек Шайх.

Кездесу барысында «Қазақстан дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ басқарма төрайымы З. Байсақова, саясаттанушы, қоғам қайраткері А. Сарым, Алматы қалалық адвокаттар алқасы президиумының мүшесі, адвокат Н. Жазылбеков, Қазақстанның «КазРЕНА» ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры Б. Жапаров және т.б. сөз сөйледі.

Көтерілген мәселелер бойынша қалалық тиісті басқармалардың басшылары, аудан әкімдері тыңдалды.

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев әкімдіктің ашық жұмыс істейтінін атап өтті. Ол қала тұрғындарын жоспарланған шешімдер мен өзгерістер туралы хабардар ету қажеттігін баса көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап берді. Біздің басты міндетіміз- алматылықтардың барлық сұраныстарына жедел әрі тиімді жауап беру. Қала тұрғындарының мүддесі үшін іс-қимыл жасауға тиіспіз. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру, жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру үшін бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Қала тұрғындарын ең өзекті мәселелерді талқылауға кеңінен қатыстырған жөн»-, деп атап өтті Б. Сағынтаев. Әкімнің бастамасы бойынша бұдан былай Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу ай сайын өткізілетін болды.  

Анықтама:

Қоғамдық кеңестің рөлі мен маңызы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бесінші институционалдық реформасында жазылған. Қоғамдық кеңес қызметінің басты міндеті – маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру.

Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылау, мониторинг, қоғамдық тыңдаулар өткізу және т.б. функцияларды жүзеге асырады. Мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талқылау құқығына ие. Олар заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеп, мемлекеттік органдарға жолдай алады. Алматыда Қоғамдық кеңес 2016 жылдан бастап жұмыс істейді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі