Б. Сағынтаев - кәсіпкерлерге: алматылық ынтымақтастықты көрсету қажет

19.11.2020

«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирі барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді ынтымақтастық танытуға және карантиндік шектеулерді қатаң сақтауға шақырды.

Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, Б. Сағынтаев 32 монторингілік топ белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалайтынын еске салды. 8 қазан мен 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізілді, оның барысында 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді.

Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) заң бұзушылық анықталды, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн тг көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынды. Маска режимін бұзған жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 374 хаттама толтырылып, 15,5 млн тг айыппұл салынды.

«Алда күрделі кезең тұр, ауру өрши түседі. Вакцина пайда болғанша біз санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіспіз», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Мегаполис әкімі ойын сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейтін ШОБ өкілдерін осынау күрделі кезеңде ынтымақтастық танытуға шақырды.

 «Егер біз бірімізге-біріміз көмектеспесек, заң бұзушылықтар жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны арта береді. Сондықтан алматылық ынтымақтастықты танытып, карантинге қатысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі