Қалалықтардың «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасы эфирінде қойған сұрақтарына жауап бере келіп, қала әкімі нақты шаралар туралы әңгімеледі және алматылықтарды өз аулаларында, шағынаудандарда тазалықты сақтауға шақырды.
«Абаттандыру ережелерін сақтау қала үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Біз бәріміз үйімізде, пәтерімізде тазалықтың болуын қадағалаймыз. Дәл осындай көзқарас қала көшелеріне қатысты болуы тиіс. Біз қала тұрғындарының бойына қалада тазалық тәртібін сақтау мәдениетін қалыптастыруымыз керек»,- деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 505 тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға - ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында ғана Алматы қаласының абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 172 жеке тұлғаға 6,8 млн теңге, 25 заңды тұлғаға 2,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаланы тазартуға 13 мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Магистральды көшелер күніне екі рет, аудандық маңызы бар көшелер мен ортақ пайдаланылатын орындар күн сайын тазартылады.
Тұрмыстық қатты қалдықтар қоқыс тасымалдайтын 25 ұйымның күшімен сыртқа шығарылады. Күн сайын қала аумағынан шамамен 1200 тонна қалдық тасымалданады.
Барлық қалдықтар қоқыс сұрыптау кешенінде сұрыпталады, мұнда органикалық емес қалдықтар бөлініп, одан әрі өңдеуге жіберіледі. Қайта өңделмейтін биологиялық жағынан ыдырайтын қалдықтар Алматы облысы Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы полигонға жіберіледі.
Қала аумағында макулатура мен әйнек қалдықтарын өңдейтін зауыттар бар. Бүгінгі күні қалдықтардың басқа түрлерін өңдеу өндірісін ұйымдастыру мәселесі зерттеліп, пысықталуда.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі