Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев нүктелі құрылыстар туралы айтқан алматылықтардың шағымын тыңдап, мәселе шешімін тапқанша көпқабатты үйдің құрылысын тоқтатуға бұйрық берді.
Есептік кездесу кезінде алматылық Толқын Орайханова Назарбаев даңғылындағы №№ 176 мен 220/3 үйлердің тұрғындары атынан нүктелі құрылыс салу мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Бұл туралы әкім өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Ол жерге барып, тұрғындар және құрылысшылармен кездестім. Екі тарапты да тыңдап, туындаған жағдайды егжей-тегжейлі анықтауды тапсырдым. Мәселе шешімін тапқанша құрылыс жұмысы тоқтай тұрады» -, деп атап өтті әкім.
Еске салсақ, бүгін қала әкімі Б. Сағынтаевтың «Aлматы диалогы 2.0» тұрғындар алдындағы есептік кездесуі онлайн режимінде өтті. Алматылықтар жолдарды, әлеуметтік нысандарды және қоғамдық кеңістіктерді салудың мерзімі толғандыратынын көрсетті. Сондай-ақ экология, көгалдандыру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікірлер айтылды.
Бақытжан Сағынтаев қалалықтар қойған барлық сауалдардың маңыздылығын, олардың әрқайсысына түсініктер беріліп, шешімдер қабылданатынын атап өтті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі