Көгілдір отынмен жүретін жаңа автобустар мегаполистің қоғамдық көлік паркін толықтырды.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында коммуналдық және қоғамдық көлікті жүйелі жаңарту мен экологиялық таза отынға көшіру қаланың экологиясын жақсарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылатынын айтты.
«Жолаушылар тасымалы саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Бүгін экологиялық таза отынмен жүретін 41 жаңа автобус жолға шықты. №45, 70 сияқты бағыт бойынша қатынайтын автобус паркін жаңартамыз», - деп жазды Б. Сағынтаев.
Сыйымдылығы 90 адамға арналған үш есікті 12 метрлік жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жылжымалы платформа бар. Автобустар бейнебақылау, жолаушы ағынын есептейтін автоматты жүйе және жүргізушінің жағдайын бақылайтын датчикпен жабдықталған.
«Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі барлығы 150 автобусты жеткізуге келісімшарт жасады. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сондай-ақ жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады.
Жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Жаңа 41 автобусты қосқанда, 147 бағыт бойынша 1940 автобус қатынайды. Соның ішінде 393-і газбен жүреді, 14 электравтобус, 160 троллейбус бар, сондай-ақ мыңнан астам автобус дизель отынымен жүреді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі