Б. Сағынтаев ЕҚДБ өкілдерімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша кездесті

24.09.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо бастаған делегациямен мегаполистің инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Кездесуге ЕҚДБ вице-президенті Алан Пию, ЕҚДБ президенті кеңсесінің директоры Томас Ревиаль, ЕҚДБ Орта Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитай, Қазақстандағы ЕҚДБ директоры Хусейн Озхан, аға банкир, Еуразияның тұрақты инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Бахтиёр Файзиев қатысты.

Алматының «Цифрлық егізін» құру, қоғамдық көлікті дамыту жобалары аясында ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Көлік, өнеркәсіп, энергетика, ғимараттар, суды тұтыну мен суды бұру, ТҚҚ, жерді пайдалану сияқты мегаполистің даму секторларын қамтитын «Жасыл қала» іс-қимыл жоспарын іске асыру аспектілері қаралды.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар қаланың инфрақұрылымы мен экологиясын жақсарту бойынша өзара тиімді шешімдер әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі