Б. Сағынтаев балалардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі жобалармен танысты

02.11.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданына жұмыс сапары кезінде балалар үшін салынған бірқатар мәдени және спорт нысандарында болды.

Өзінің Instagram-дағы парақшасында Б. Сағынтаев балалардың бос уақытын саламатты және пайдалы өткізуін ұйымдастыру әкімдік жұмысындағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті.

«Наурызбай ауданын аралаған кезде меценаттардың қолдауымен ашылған «Social Music Center» мен «Jas Tolqyn» өнерді дамыту орталықтарында болдым. Мұнда балалар музыкалық аспаптарда ойнауға, вокал мен қолөнерге тегін үйретіледі. Спортпен шұғылдануға «Alty Alash Fight club» секциясы ашылған», — деп жазды Алматы әкімі.

Ол сонымен қатар «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша ауданда белсенді жастарға арналған ашық аспан астындағы кешен салынғанын, оның ішінде баскетбол алаңы, роллерродром мен воркаут аймағы бар екенін айтты. Кішкентай балдырғандар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында салынған жаңа скверлердегі ойын алаңдарында көңілдерін көтеруде.

 «Біз Жаңа Алматы аудандарында тұратын кішкентай тұрғындарымыз үшін спорт пен мәдени-демалыс орталықтарының қолжетімді болуына мән берудеміз», — деп атап өтті қала әкімі.

Оның айтуынша, келесі жылы Наурызбай мен Алатау аудандарында Оқушылар сарайының құрылысын бастау жоспарлануда. Биыл Жетісу ауданында үш, ал Алатау, Медеу мен Түрксіб аудандарында бір-бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығы салынуда. Жалпы барлық аудандарда ондаған жаңа спорттық демалыс орны ашылды. Келесі жылы қала тұрғындарының сұранысы бойынша бұл жұмыстар жалғасын табады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі