Алматы әкімі Б. Сағынтаев тарихи қалыптасқан ғимараттарды сақтап қалу мақсатында ерекше аймақтарда құрылыс жүргізуді реттейтін арнайы ереже әзірленетінін айтты.
«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қала құрылысын жүргізуді реттейтін жаңа ереже әзірленетінін хабарлады. Ереженің басты мақсаты – қоғам мен бизнес мүдделерін ескеретін жүйелі шешімдер қабылдау.
Ереже жер учаскелерін игеруге, оның ішінде бұған дейін оң шешім шығарылып, рұқсат құжаттары берілгеніне де қатысты болады.
Ереженің негізгі тармақтары қаланы дамытуға арналған қала құрылысы талаптарын бекітуге бағыттады. Бұл ретте тарихи қалыптасқан ғимараттарды сақтау және осы аймақтарда құрылыс жүргізуді реттеу (аймақтандыру) мақсатында қала құрылысын ерекше реттеу аймақтары белгіленеді.
Мұнда тарихи орталықтың шекараларын, сондай-ақ қаланың басқа аудандарындағы ереже қолданылатын жеке аймақтарды, мысалы, ықшамаудандар, тыныш аудандарды анықтау маңызды.
Сондай-ақ тарихи маңызы бар нысандарды анықтау қарастырылған, олардың мыңанда кез-келген құрылыс қоғамдық талқылаудан кейін ғана жүргізілуі мүмкін болады.
Қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында ғимараттардың тығыздығы мен биіктігі ескеріледі. Мысалы, жаңа ғимараттың биіктігі іргелес салынған нысаннан 1/3 биік болмауы тиіс. Бұдан өзге ережеде аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық ортаны жайлылығын сақтау мен арттыру талаптары жазылады. Тарихи келбетті сақтау үшін ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне қойылатын талаптар да ескеріледі.
Қала тұрғындарын, қоғам белсенділері мен сарапшыларды кеңінен тарта отырып, қоғамдық талқылау өткізу тетіктерін әзірлеу маңызды.
Жүргізілген сараптамалар мен тұрғындардың өтініштері нәтижесінде тарихи орталық аумағында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. Бұл учаскелер екі топқа бөлінді: құрылыс басталған және бос жатқан жерлер. 14 учаскеде құрылыс басталған, оның ішінде 3 нысанның құрылысы тоқтатылып, рұқсат құжаттар қайтарылды. Тұрғындардың өтініштері бойынша 11 нысанға ұсыным берілді – қозғалыс сызбасын ұйымдастыру, абаттандыру, қабаттар саны және т.б.
Бос жатқан жер телімдерін, оның ішінде 8 учаскені қайтару (сатып алу) қарастырылуда, мұнда абаттандырылған және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер құрылады. 14 учаскеде жасыл желектерді кесуге тыйым салу, бұрыннан бар нысандарды ескере отырып, қабаттар санын және функционалды пайдалануды азайту бойынша қала құрылысы шектеулері қойылды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі