Б. Сағынтаев: Алматының орталығы мен шеті арасындағы айырмашылық жойылады

30.12.2020

«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматы» кешенді жоспарының жүзеге асырылуы және келер жылы атқарылатын ауқымды жұмыстар туралы айтты.

Қала әкімі Б. Сағынтаев «Жаңа Алматы» кешенді жоспары 2019 жылы мегаполис тұрғындарымен өткен кездесулердің нәтижесі екенін еске салды. Оның басты міндеті – қаланың орталығы мен шетіндегі айырмашылықты жою. «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарында инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жарықтандыр, әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары қарастырылған және 2020-2024 жылдарға есептелген.

Жалпы, осы жоспар аясында 350 шақырым жол, 4 жол айрығы, 6 жолды созу, 28 бағдаршам нысаны, 55 жаяу жүргінші өткелі және 8 жерасты өткелі  салынады. 194 гектар аумақты көгалдандыру жоспарланған.

Мәселен, өтіп бара жатқан 2020 жылы кешенді жоспар аясында 300 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. Нәтижесінде 50 мың қала тұрғыны сумен жабдықтаудың және су бұрудың орталықтандырылған жүйесіне қосылды. Сонымен қатар қала шетіндегі 965 көше жарықтандырылды, 42,8 шақырым жол салынды. Қазіргі кезде 4 саябақ және 5 жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылуда.

2021 жылы барлығы 35 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 8 мектеп пен 21,4 мың орындық 17 қосалқы нысанның  құрылысы аяқталады.

Денсаулық сақтау нысандарына ерекше назар аударылады. 2021 жылы №7 қалалық клиникалық аурухана қабылдау бөлімінің қуаттылығы жылына 80 мың пациентті құрайтын жаңа корпусы, ауданаралық туберкулез диспансері іске қосылады және №6 емхананы күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталады.

Бұдан өзге, Балалардың медициналық жедел жәрдем орталығы қабылдау бөлімінің жаңа корпусы мен операциялық блогын салу жоспарлануда. Жетісу ауданының Кемел ықшамауданында 200 адам қабылдайтын және Түрксіб ауданының Нұршашқан ықшамауданында 100 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар салу қарастырылған.

Сонымен қатар келер жылдың ІІ тоқсанында Алатау ауданының Трудовик ықшамауданында жедел әлеуметтік көмек пунктінің құрылысы басталады.

Келер жылы Жетісу ауданының Айнабұлақ-2, Медеу ауданының Алатау, Түрксіб ауданының Жас қанат, Алатау ауданының Зерделі, Жетісу ауданының Кемел және Құлагер ықшамаудандарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

Көлік инфрақұрылымы саласында Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының 7 ықшамауданындағы 317 көшеде жалпы ұзындығы 76 шақырымнан асатын жаңа жолдардың құрылысы жалғасады. Бұл 60 мың қала тұрғынының көлікке қолжетімділігін жақсартады.

Бұдан өзге, жалпы ұзындығы 200 шақырым болатын жол желісінің жабынын жөндеу жоспарлануда. Жалпы қала бойынша барлығы 30 шақырымнан астам тротуар жөнделіп, абаттандырылады, жалпы алаңы 280 мың шаршы метрден асатын жол жабынына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Келер жылдың соңына дейін Медеу ауданының Думан ықшамауданында  ұзындығы 30,4 шақырым болатын 59 көшеде жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Өтіп бара жатқан жылы ұзындығы 3,7 шақырым болатын 6 көше жөнделді.

Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту аясында қаланың 7 ауданында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы жалғасады. Келер жылы жалпы ұзындығы 434 шақырымнан асатын сумен жабдықтау және су бұрудың 21 жобасын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ 2021 жылы 7 кәріздік- сорғы станциясының құрылысы аяқталады.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасуда.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі