Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жалға алу төлемдерін жеңілдету бойынша кәсіпкерлерге көмек көрсетілетіні туралы айтты.
Қалалықтардың «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасы эфирінде қойған сұрақтарына жауап бере келіп, сауда орталықтары алаңдарын жалға алған кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары туралы айтты.
Бұрын хабарланғандай, ТЖ режимі кезінде қызмет көрсету салалары айтарлықтай шығынға ұшырады, олар - қоғамдық тамақтану орындары, фитнес пен спорт, сауда және басқалары. Бүгінгі күні, 9 мыңға жуық (24,7%) кәсіпкер жалға алған орындарына қатысты қиындықтарды бастан өткеруде. Осыған байланысты, жалға берушілермен жеңілдіктер жасау мәселесі пысықталуда.
Б. Сағынтаев атап өткендей, жалға берушілердің көпшілігі ұсынысты қабыл алып, жалға алынған орындардың төлемін есептеуді тоқтатты.
«Төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде ірі сауда нысандарының иелері, оның ішінде 153 сауда және ойын-сауық орталығы, сауда орталықтары, сауда үйлері мен базарлар 40 мыңға жуық жалға алушыдан төлем алуды тоқтатты. Бұдан өзге, қазіргі кезде көптеген базар мен сауда және ойын-сауық орталықтары жалға беру бағасын 20-30%-ке төмендетті», - деп хабарлады Алматы әкімі.
Алматыда «Атамекен» ҰКП ықпал етуімен сауда нысандарындағы 13 мыңға жуық жалға алушының 2,7 млрд теңге сомасындағы мәселесі шешілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Мысалы, «Moskva metropolitan» ОСО-ның сауда алаңдарында 180 жалға алушы бар, олардан ай сайын 265 млн теңге төлем түседі. Қомақты шығынға ұшырағанына қарамастан, жалға беруші дағдарысқа қарсы жеке шараларды қабылдай отырып, жалға алушыларды төлемдерден босатты.
«Автосити» СҮ-де 120 жалға алушы бар, олардан ай сайын 6 млн теңге түседі. Сауда үйі де жалға алушыларға қолдау көрсетуге және ТЖ мен карантин кезінде оларға демалыс беруге дайын.
Кәсіпкерлердің несие төлемдерін шегеруге қатысты айта келіп, қала әкімі ЕДБ басшылары төлемдерді шегеру мәселесі талқыланатын Іскерлік кеңес құрамына енгенін хабарлады. Бүгінгі күні 127,3 млрд теңгенің 360 мың несиесі бойынша төлем шегерілді.
Сонымен қатар бизнесті қолдау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында сыйақы мөлшері төмендетілді. Мысалы, БЖК бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер үшін мөлшерлеме 6%-ке дейін (бұрын 8,4%), «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында 7%-тен 6%-ке дейін азайды.
Қосымша «Дамумен» бірге ШОБ енді қарқын ала бастаған Алатау, Наурызбай, Жетісу, Түрксіб және Әуезов аудандарында сыйақының жылдық мөлшерлемесін 7%-тен 5%-ке дейін төмендету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі