Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында биыл абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Әуезов ауданының бірқатар қоғамдық кеңістіктерінде болды.
Қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында жаңарған аулалар мен жаяу жүргінші аймақтарының қоғамдық кеңістіктерді нұрландыра түскенін атап өтті.
«Ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде аумақтарды өзгертуге кешенді түрде қарап, шаң-тозаң болмау үшін барлық бос учаскелерді барынша көгалдандыруды тапсырдым. Биыл ауданда 205 аула, 9 сквер жөнделіп, 5 бос учаске, 2 жағалау аймағы абаттандырылды. №10 ықшамаудандағы жаяу жүргіншілер аймағы жөнделуде», - деп жазды Алматы әкімі.
Айта кетерлігі, Б. Сағынтаев бұл жұмыстардың барлығы тұрғындармен өткен есеп беру кездесулерінде айтылған өтініштер бойынша жасалғанын атап өтті.
«Адамдардың көңіл-күйі қалай жақсарып жатқанын байқау қиын емес. Ықшамаудандар өмір сүруге ыңғайлы болып түрленуде. Ыңғайлы орындықтар, үстел ойындарына арналған үстелдер, балалар алаңдары тұрғындарға ұзақ қызмет етері сөзсіз», - деп атап өткен Б. Сағынтаев қала тұрғындары бұрынғыдай өздері тұратын жерді абаттандырып, гүлдер мен ағаштар отырғызуды қолға алса деген ұсынысын білдірді.
«Тәртіпті сақтап, балаларымызға қаламызға ұқыпты қараудың үлгісін көрсетейік», - деді мегаполис әкімі.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі