22.04.2021

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирі барысында қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, аулаларды абаттандыру және жөндеу туралы айтты.

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев қала тұрғындарының аула аумақтарын жөндеу сапасына қатысты қойған бірқатар сұрағына жауап берді. Оның тапсырмасы бойынша аудан әкімдері аталған кемшіліктерді жойып, аулаларды жөндеу  сапасына бақылауды күшейтеді.

Бүгінде Алматыда 4183 аула бар. Өткен жылдары 3 мыңға жуығы жөндеуден өтті. 550-ге жуық аула жаңадан салынған көп пәтерлі үйлер немесе ескі баспаналарға тиесілі, сондықтан жөндеуге жатпайды. Биыл 535 аула, оның ішінде «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 53 аула жөнделеді.

Алатау ауданының аулалары 100% ретке келтіріледі, мұнда 202 аула бар. Биыл 53 аула күрделі жөнделеді.

Алмалы ауданында 861 аула бар. 2016-2019 жылдар аралығында 506 аула жөнделді. 2020 жылы 192 аула күрделі жөндеуден өтті. Биыл 66 аула аумағын күрделі жөндеу жоспарланған.

Әуезов ауданында 1740 көп пәтерлі тұрғын үй, 966 аула бар. 2016-2020 жылдар аралығында 557 аула жөнделді. Биыл 73 ауланы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұдан өзге 2020-2021 жылдар аралығында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында Әуезов ауданында аулаларды абаттандыру бойынша 16 жоба таңдап алынды.

Бостандық ауданында 1866 көп пәтерлі тұрғын үй, 670 аула бар. 2016-2020 жылдар аралығында 337 аула жөнделді. Биыл 100 ауланы күрделі жөндеу жоспарланған. «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 2020-2021 жылдар ішінде Бостандық ауданында Орбита-1 ықшамауданы, Мыңбаев, 93; Науаи, 208/3; Сәтбаев, 9Б; Хусаинов, 225, Баязитова, 9,15 аулаларын абаттандыру бойынша 8 жоба іріктеп алынды.

Жетісу ауданының аумағында 284 аула 2017-2020 жылдар аралығында толық жөнделген болатын. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында Бұлқышев, Столетов, Таиров, Казаков, Қазыбаев, Ратушный көшелері мен Көкмайса ықшамауданындағы  7 ауланы; Көкжиек шағынауданы, 1 үй мекенжайындағы спорт алаңын; Айнабұлақ-4 ықшамауданы, 167 үй мекенжайындағы балалар алаңын; 94 аула аумағын жөндеу жоспарланған.

Медеу ауданында 784 көп пәтерлі тұрғын үй, 536 аула бар. 2016-2020 жылдар аралығында 406 аула күрделі жөндеуден өтті. Биыл 60 аула аумағына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған, қазіргі уақытта конкурстық іс-шаралар өтіп жатыр.

Наурызбай ауданында 266 көп пәтерлі тұрғын үй, 85 аула бар. 2015-2020 жылдар аралығында 65 аула жайластырылған болатын. 20 аула жаңадан салынған тұрғын үйлердің аумағында орналасқан. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі 2 ауланы жөндеу жоспарда бар.

Түрксіб ауданында 1209 көп пәтерлі тұрғын үй, 579 аула бар. 2016-2020 жылдар аралығында 496 аула жөнделді. Биыл 30 аула аумағын абаттандыру жоспарланған. 2020-2021 жылдарға арналған «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасы аясында Түрксіб ауданында аула аумақтарын абаттандыру бойынша 20 жоба таңдап алынды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі