2021 жылы Алматыда 40 шақырымнан астам жаңа жол салынады
Халықпен онлайн-форматта өтіп жатқан есептік кездесуде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис шетіндегі инфрақұрылымдық дамудың жалғасатыны туралы хабарлады.
Қолда бар ресурс пен күштің едәуір бөлігі коронавируске қарсы іс-қимылға жұмсалғанына қарамастан 2020 жылы Алматыны дамытудың басым бағыттары бойынша жұмыс тоқтаған жоқ. Қала шетіндегі инфрақұрылымды жақсарту үшін «Жаңа Алматыны» дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары қабылданды. 200 млрд. теңгеге 504 жобаны іске асыру басталды.
«Пандемияның экономикаға тигізген қысымына қарамастан, біз «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамуды жалғастырдық. Өздеріңіз білетіндей, бұл менің түбегейлі таңдауым. Мен осы бағытта жұмысты жалғастырамын. Әрбір алматылық тұрғылықты жеріне қарамастан тең өмір сүру стандартына ие болуы тиіс», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалаға қосылған ықшамаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 2020 жылы 50 мыңнан астам адамды қамтитын 300 шақырым су құбыры мен кәріз желілері салынды. 16,1 шақырым жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды. Алматының төрт ауданын 100 пайыз қамти отырып, қала шетіндегі көшелерге жарық жүйесі жүргізілді. 42,8 шақырым жол салынып, 219,1 шақырым жол жөнделді. Ұзындығы 86 шақырымға жететін жаяу жүргіншілер жолы жөнделді.
Биыл «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады. 40,4 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізіп, үш жол айрығының құрылысын жалғастыру және төрт көшені тесу бойынша жобалар жоспарлануда. Сондай-ақ, «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларының құрылысын аяқтау және «Қалқаман» стансасының құрылысын жалғастыру көзделуде.
Инженерлік желілер бойынша бірқатар проблемаларды жүйелі шешу үшін «Ақсай» су жинау стансасы, Наурызбай ауданында коллектор салынатын болады. Бұдан өзге 170 шақырым су құбыры мен 145 шақырым кәріз желілерінің құрылысы жүргізіледі.