Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифингіде Алатау ауданының Алғабас ықшамауданындағы жолдарды жөндеу жұмыстары қашан басталатыны және қалаға қосылған аумақтарды дамыту туралы айтты.
Алғабас ықшамауданында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталғанына қарай «Алматыинжстрой» АҚ мердігерлік ұйымы Орақты батыр, Қара жорға, Алдияр, Зұлпыхар, Сәмен батыр, Молдағұлов, Естемесов және Кенжекей көшелері бойындағы жолдарға инертті материалдар сеуіп жатыр.
Алғабас ықшамауданында 30,8 км жаңа жол салуға құжаттар дайын, мердігер компания анықталу үстінде. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін тарту, сондай-ақ гидросынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін жол-құрылыс жұмыстары басталады. Биылғы жылдың соңына дейін Алғабас ықшамауданында шамамен 10 км жолға асфальт төсеу жоспарланған.
«Барлық күш жаңа ықшамаудандарда инженерлік инфрақұрылымды салуға жұмсалып жатыр. Сумен жабдықтау және су бұру желілері, жол, сыртқы жарық желілері, әлеуметтік нысандар құрылысы былтыр қабылданған «Жаңа Алматы» кешенді даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Қалаға қосылған аумақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бес жыл ішінде триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Біздің міндет – 2023 жылға қарай барлық ықшамаудандар сумен және кәріз желілерімен, сапалы жолмен, балалар ойын алаңдарымен, саябақ және скверлермен қамтамасыз етілуі тиіс», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Мегаполис әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, қалаға қосылған жаңа ықшамаудандардың мәселелерін шешуді қолға алды. Тұрғындардың өтінішінен соң жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында мердігердің жобадан ауытқығаны, жұмысты сапасыз атқарғаны, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу технологиясын бұзғаны анықталды.
Жіберген кемшіліктері үшін «Алматыинжстрой» АҚ мердігерлік ұйымы ҚР ӘқбК-нің 312-бабының 1-бөлігі 309-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданылған шаралардан соң мердігер олқылықтардың орнын толтырды. Сонымен бірге «Казгипроводхоз институты» өндірістік кооперативінің авторлық қадағалау мен «Белко-Строй» ЖШС-нің техникалық қадағалауды дұрыс жүргізбегені үшін ҚР ӘқбК-нің 317-бабының 1-бөлігі 1-тармағы бойынша шаралар қабылданды.
Бүгінде мердігердің күшімен Алдияр және Жаңа құрылыс көшелеріндегі жолға қиыршықтас төселді. Жаңа құрылыс – 1, 2, 6, Ақсеңгір, Бабажанов, Кенжекей, Тұран, Орақты батыр, Керімсал, Қазына, Мөңке би, Мұхитдинов, Сұлтан көшелерінде қиыршық тас қоспаларын төгу жұмыстары жүріп жатыр.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі