Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым мәселесін шешу, алыс орналасқан шағын аудандарды сумен жабдықтау және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету туралы айтты.
«Бұрын көтерілген көптеген мәселе бүгінде шешімін тапты. Былтыр Каменск үстірті бойынша қаншалықты дүрлікпе болғанын бәрі ұмытты. Қазір ауданның 50 мың тұрғыны тұрақты сумен қамтылды, бұл мәселе қайта көтерілмейді. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Биыл біз ауданның батыс бөлігінде жұмыс жүргіземіз, ал келесі жылы шығыс бөлігіне, оның ішінде су бұру жүйелері мен желілердің құрылысын қолға аламыз. Себебі тұрғындар септиктерді пайдаланғандықтан, таулардың жылжуына қауіп төнеді. Бұл мәселе мен үшін аса маңызды», – деді қала басшысы.
Еске салсақ, Медеу ауданындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында бұрын су және кәріз жүйесі болмаған алыс шағын аудандар қамтылды. Осылайша, биыл наурызда «Каменск үстірті» шағын ауданының батыс бөлігінде 7 мың тұрғынды сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін 50 км тарату желілерінің құрылысы басталады. Жұмыс 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталады.
Сондай-ақ, биыл Музтау, Сұлусай, Атырау, Алатау, Кіші Станица және Таулы қырат шағын аудандарында тағы 100 км су құбыры және кәріз желілері салынады.
Маңызды жобалардың бірі – 2024 жылдың шілдесінде резервтік сумен жабдықтау жүйесінің іске қосылуы болды. Бүгінде бұл жүйе Талғар жерасты су көздерінен тәулігіне 32 мың текше метр су жеткізіп, Самал, Көктөбе және Таулы қырат шағын аудандарының 50 мың тұрғынын тұрақты сумен қамтамасыз етіп отыр.