Автомобильдер, медициналық өнімдер және металл құрылымдар өндірісі: Алматы индустриялды аймағында қандай жаңа жобалар іске қосылды

30.12.2020

Бизнесті дамыту жөніндегі жұмыс қорытындысы мен алдағы жылдың жоспары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде  Алматы қаласы Индустриалды аймағы директорының міндетін атқарушы Әділ Әміралин айтып берді.

2020 жылы Алматы индустриялды аймағында жалпы сомасы 28,8 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылып, 442 жұмыс орны құрылды.

1) «ДорХан-Алматы» ЖШС – металл өңдеу және жылжымалы қоршау құрылымдарды, автоматты қақпалар мен ролқақпаларды өндіру зауыты, құны 417 млн теңге, жобалық қуаты жылына 12 125 бұйым, 42 жұмыс орны құрылды.

2) «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС – автокөлік құралдарын шығаратын зауыт, құны 28 млрд теңге, жобалық қуаты жылына 45 мың автокөлік, 350 жұмыс орны құрылды.

3) «Алмерек» ЖШС – бір рет қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыт, құны 443,4 млн теңге, жобалық қуаты жылына 29 млрд медициналық бұйым, 50 жұмыс орны құрылды.

Жақын арада жалпы сомасы 16,8 млн теңге болатын 5 жоба («Рахат СК» ЖШС автоклавты қатыру жылу-газ блогын өндіру зауыты, «Техноконт» ЖШС орташа вольтті тарату құрылғылары жиынтығын өндіру зауыты, «Valtherm» ЖШС алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіру зауыты, «КМК Investment» ЖШС кабель-өткізгіш өнімдерін өндіру зауытының екінші бөлігі, «Г.С.Г. Высотник» ЖШС автоклавты ұяшықты газобетон өндіру зауыты іске қосылып, 388 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жоспарға сәйкес 2021 және одан кейінгі жылдары Алматы индустриялды аймағында жалпы сомасы 119,7 млрд теңге болатын 35 жоба іске қосылып, 5 мыңнам астам жұмыс орны құрылады. Соның ішінде 15 кәсіпорын экспортқа бағдарланған. Қазіргі уақытта аталған резиденттер бөлінген учаскелерде жобалау, құрылыс, іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ 2021 жылы индустриялды аймақ аумағында мына құрылыс компаниялары 5 өнеркәсіптік паркті салады және реконструкциялайды деп  жоспарланған: «KazStroyTrade» ЖШС, «D&J Investments & Logistic» ЖШС, «ADS Industries» ЖШС, «Ala Estate» ЖШС, «Азия Пром Текстиль» ЖШС. Өндіріс орындарының жалпы ауданы шамамен 35 мың ш.м. құрайды.

«KazStroyTrade» ЖШС және «ADS Industries» ЖШС компаниялары ғимараттардың металл құрылымдарын тұрғызу және сэндвич-панельдерді орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. «D&J Investments & Logistic» ЖШС компаниясы іргетас орнату бойынша жер жұмыстарын жүргізуде. «Ala Estate» ЖШС компаниясы ғимараттардың іргетасын қалап жатыр. Аталған өнеркәсіптік парктердің әлеуетті қатысушылары 700-ден астам жұмыс орнын құрады деп жоспарланған.  Өндіріс құрылыс, жиһаз, жеңіл және тамақ өнеркәсібі түрінде болады.

Алматы индустриялды аймағының резидент компаниялары Алматы қаласы экономикасының дамуына елеулі үлес қосады: республиканың жедел экономикалық өсуіне, әртараптандыруға, импортты алмастыруға, ішкі нарықты толықтыруға, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Анықтама:

Алматы индустриялды аймағының жалпы ауданы 490 га құрайды, оның ішінде жобаларға 326 га (инфрақұрылымға 164 га) бөлінді. Бүгінгі күні инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 229,5 га (96,5 га бос) бөлінді. ИА резиденттері – 200 млрд теңгеге жобалары бар 53 компания, оның ішінде 15 жоба шетелдіктердің қатысуымен іске асырылып (Қытай, Ресей, Жапония, Иран, БАӘ, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия), 6,5 мың жұмыс орны құрылған. Бүгінгі күні жалпы инвестиция сомасы 63,5 млрд теңге болатын 13 жоба іске асырылып, 1559 жұмыс орны құрылды, 2,6 млрд теңге салық төленді, 73 га игерілді.