Алматыда бизнесмендер коронавирус инфекциясының таралу қатерін азайтуға бағытталған «Ashyq» пилоттық жобасына қатысып жатыр.
Нұр-Сұлтан және Алматыда фитнес индустрия нысандары пилоттық жобаға қатысуда. Бизнес нысанға кірген, нысаннан шыққан келушілерге арнайы мобильді қосымша арқылы тіркелу ұсынылады. Мобильді қосымша адамның індетке шалдығу статусын анықтайды – мәселен, Covid жұқтырған адаммен байланыс болған-болмағанын индикаторлармен білуге болады.
Бүгінде Алматыда жобаға 15 фитнес-орталық пен СПА және сауналар қатысып жатыр.
«Пилоттық жобаға мегаполистегі кинотеатрлар да қосылуға ниетті. Қазіргі кезде олар жеке қатысу алгоритмдерін әзірлеп, келушілер қосымшаға билеттерді онлайн сатып алу кезінде тіркелуі үшін механизмдерді талқылап жатыр. Олардың пікірінше, бұл шара кинозалға келушілердің барлығы үшін індетті жұқтыру қаупін төмендетеді», – деді Алматы қаласы ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Лесбаева.
«Ashyq» қосымшасының жұмысына қатысты пікірімен алматылық кәсіпкер Марат Жылқайдаров бөлісті.
«Әрине, бастапқы кезде сұрақтар туындады, бірақ біз әзірлеушілермен үнемі байланыста болдық, сұрағымызға жылдам жауап алып отырдық. Қазір қондырғы тез жұмыс істейді, егер келуші қосымшаны жүктегісі келмесе, онда біз оның ЖСН-ы арқылы статусын біле аламыз, процедураға бір минуттан аз уақыт кетеді», – деді ол.
Бизнесменнің айтуынша, оның нысанында апталық толымдық 100 адамды құрайды, оның жартысы «Ashyq» арқылы тіркеледі.
«Кәсіпкер ретінде маған бұл жоба карантин кезінде жұмыс істеуді жалғастырудың жақсы мүмкіндігі. Екіншіден, басқаларға қатер төндірмеу үшін адамның статусын оңай анықтап алуға болады. Өзім ауырдым, індеттің қандай болатынын білем», – деді Марат Жылқайдаров.
Оның айтуынша, келушілер қосымшаға тіркеліп, статусты анықтауды түрлі қабылдайды. Клиенттердің шамамен 1-2%-ы теріс пікірде. Бұл бизнестің спецификасына байланысты деп, кәсіпкер көпшілік қауіпсіздікті қолдайтынын қуана айтты.
«Аshyq» пилоттық жобасы санитариялық дәрігерлерге сараптаманы ретке келтіріп, ағымдағы санитариялық шектеулерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Мобильді қосымшаның артықшылықтары мен бизнес нысандарына әсері туралы шешім республикадағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі мекемеаралық комиссия отырысында пилот нәтижесіне мониторинг жүргізілген соң қабылданады.
Ақпарат көзі: «Атамекен» ҚР ҰКП