Арнайы оқытылған 900-ден астам ерікті-медицина қызметкері Алматының егу пункттерінде көмек көрсетіп жатыр

13.04.2021

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингіге Алматы қаласының жаппай вакциналау жүргізетін еріктілер мен шақырылған мамандар штабының үйлестірушісі Жәнібек Солтанай қатысты. Ол азаматтарды егу науқанында ерікті-медицина қызметкерлері қалай көмек көрсетіп жатқанын айтты. Алматының танымал қоғамдық орындарында 200-ден астам егу пункті ашылғанын еске саламыз.

Кәсіби дәрігерлер мен медбикелерге медициналық жоғары оқу орындары, колледждердің студенттері мен оқытушыларынан 975 ерікті көмекке келді.

Олардың бәрі Алматы жоғары медициналық колледжі мен Қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғары мектебі және Колумбия университеті жанындағы ICAP ұйымы ұйымдастырған арнайы оқу курстарынан өтті.

Жәнібек Солтанайдың айтуына қарағанда, оқу үш кезеңнен тұрды: I кезең — теориялық курс, ZOOM платформасы арқылы өтті, II кезең — практикалық, студенттер мен оқытушылар егу пункттерінде оқыды және III кезең — алынған (үйренген) дағдылар мен білімді тәжірибеде қолдануды енгізу мониторингі.

«Оқу барысында еріктілер мен мамандар кез келген уақытта сұрақ қойып, теориялық және практикалық дағдыларын қалыптастыру мүмкіндіктері болды. Оқу барысында еріктілер үйлестіруші, регистратор, орташа медицина қызметкері мен дәрігер топтарына бөлінді», — дейді Жәнібек Солтанай.

Шақырылған 975 ерікті мен маманның 120-сы резидентура тыңдаушылары, 149-ы интерн, 221-і бакалавр студенті, 490-ы медицина мамандығында оқитын студент.

«Негізінен егу науқанына С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің резиденттері, интерндері мен студенттері жұмылдырылған, қалғандары Қазақстан-Ресей медициналық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  медицина факультетінің және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің студенттері», — деп атап шықты Жәнібек Солтанай.

Сонымен бірге Алматы қаласының жоғары оқу орындарының 285 cтуденті мен Жоғары медициналық колледж оқытушылары, «Эмили» медициналық орталығы және «Интердент», «Аяжан» медициналық колледждерінен 200 адам волонтерлік қызметке тартылған.

Жәнібек Солтанай белсенділер 91 иммундау пунктінде көмек көрсетуге кіріскенін атап өтті. Осылайша, науқастарды емдеуге жұмылдырылған білікті медицина қызметкерлеріне артылған жүктеме азайды. Еріктілер термометрия жүргізіп, халықты вакциналау мүмкіндіктері мен орындары жайлы ақпараттандырып, егу пункттерінде медицина қызметкерлері мен пациенттерге көмек көрсетеді. Студенттер пациенттерді тексеру кабинетерінде дәрігерлердің тексеру жүргізуіне көмектеседі — температура, пульс, қан қысымы мен оксигенациясын өлшейді. Егу кабинетінде еріктілер медицина қызметкерлеріне құжаттарды толтыруға көмектеседі.

Алматы қаласында коронавирусқа қарсы вакцинаны 200 егу пунктінің бірінде жасатуға болады, олардың 74-і қалалық емханалар базасында, сондай-ақ мәдениет нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, базар мен мектептерде орналасқан. Егу пункттерінің мекенжайын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан, сонымен бірге 3000-505 және 1312 телефондары арқылы білуге болады. Вакциналауға eGov Mobile мобильді қосымшасы немесе eGov платформасы арқылы жазылуға болады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі