«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Алтын орда» базары маңындағы Алматы-Бішкек учаскесінде жолды кеңейту бойынша күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын екенін мәлім етті. Бүгінгі таңда барлық жұмыстың 85 пайызы орындалды.
Ұлттық компанияның мәліметінше, қазір асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. 127 мың шаршы метр аумақта қалыңдығы 5 см болатын қиыршықтас-мастика асфальтбетон жабыны төселеді. Құрылыс жұмыстарына 120 жол жұмысшысы мен 40 техника жұмылдырылды.
«Жалпы, осы төрт шақырым учаскеде мердігерлерге жол айрықтары мен шығу жолдарын жабдықтап, «Нью-Джерси» темірбетон және тосқауыл қоршауларын орнату жұмыстарын аяқтау қажет. Сондай-ақ жолға бейнекамера орнатылады. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылдың қараша айына белгіленген. Бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.
Бұған дейін «Алтын Орда» базары жанындағы жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатыны туралы жазған болатынбыз.
Еске салайық, «Алтын Орда» базарының жанындағы эстакада былтыр желтоқсан айында ашылған еді.
Ақпарат көзі: inform.kz