Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында жаңа оқу жылы қарсаңында аудандағы мектеп нысандарының жағдайы туралы айтты. Сабақтар жайлы жағдайда өтуі үшін бірқатар мектептер күрделі жөндеуден өтеді.
Г. Көкебаева атап өткендей, қазіргі уақытта №177, 57, 102 мектептерде 1050 орынды үш оқу корпусының құрылысы жүргізілуде, сонымен қатар №43 мектеп асханасының жаңа корпусы салынуда. Жұмысты 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
«Биылғы жылдың төртінші тоқсанында №80 және 129 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаудамыз. Аталған мектептер бойынша оң сараптама алынды. Құрылыс жұмыстарына байқау жарияланды», - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар №148, 103 және 112 мектептердің 850 орынды оқу корпустарының қосалқы құрылысына, сондай-ақ №101 мектептің акт залын кеңейтуге қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Сондай-ақ 160 орынды «Айнабұлақ-4» шағын ауданындағы балабақша құрылысына мемлекеттік сараптама алынды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі