Алматының цифрлық шешімдері «Ақылды қалалар мен қоғамдастықтар» жобалары байқауында үздік деп танылды

05.01.2021

Алматыда іске асырылған «Сергек» қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесі жыл сайынғы IDC Smart Cities and Communities Europe and Central Asia Awards «Ақылды қалалар мен қоғамдастықтар» жобалар  байқауында бірінші орын алды.

2020 жылы бұл байқауға 12 елден 40-тан астам жоба қатысты. Алматының «Сергек» қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесі «Интеллектуалды көлік жүйесі» аталымында бірінші орын алды. Мәскеулік жасанды интеллектпен жұмыс істейтін бағдаршамдар екінші орынды алды. Жобалар IDC арнайы жүлделерімен марапатталды және 2020 жылдың үздік «ақылды қалалар мен қоғамдастықтар» жобалары жинағына кіреді. Жалпы байқау аясында бес аталым бойынша 15 финалист жарияланды.

«Біздің алдымызда үлкен мақсат тұрды. Осы ретте мен жобаға қатысқандардың барлығына алғыс айтамын. Менің ойымша бұл Орталық Азия үшін бейнекамералар мен бейнемониторингіге ғана емес, қауіпсіздікті интеллектуалды әкімшілендіруге басымдық бере отырып, жасанды интеллектіге негізделген жаңа құрылымдық жүйені дамытудың тамаша мүмкіндігі» - деп атап  өтті Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Жалпы Алматы екі аталым бойынша, оның ішінде «Деректерге негізделген қоғамдық қауіпсіздік, оның ішінде COVID-19  пандемиясына күресте икемділік пен ынтымақтастықты арттыру үшін технологияларды қолданатын қалалар» аталымында жүлдеге ие болды.  

Қорытынды тізімге үш бастама енді, олар: Рейн-Неккар-Крейс округіндегі COVID-19 кезінде төсек-орындарды басқару, Алматыдағы сел белсенділігінің автоматтандырылған мониторинг жүйесі және Валенсиядағы COVID-19  бойынша бірынғай ақпараттық жүйе. Гейдельберг университетінің ауруханасы мен Рейн-Неккар-Крайс округінің COVID-19 аурухана төсектерін басқару жобасы округтегі 25 аурухананың COVID-19 бойынша 48 бөлімшесіндегі сыйымдылық пен қорғаныс құралдары, желдеткіштер және т.б. бар төсек-орындардың қолжетімділігін белсенді басқару үшін мәліметтер мен сараптаманы бірлесіп пайдалану арқасында жеңімпаз деп танылды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» стратегиясына сәйкес Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейнінде сел мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізуде. Жоба аясында «Қазселденқорғану» және ДЭС аумағында автоматтандырылған жұмыс орындары бар 31 станция салынып жатыр. 2019 жылы 10 ASM станциясы іске қосылды, ал қалған 21 станцияны 2021 жылы іске қосу жоспарланған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі