Алматының төрт ауданындағы барлық көшелерге жарық жүргізілетін болады

12.08.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Aкimat Live бағдарламасының тікелей эфирі барысында қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, Жаңа Алматының ықшамаудандарында көше жарығын орнату жұмыстары туралы нақты айтып берді.

Қалада өткен жылы жарықтандыру бойынша кең көлемді бағдарлама қолға алынды. Бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілген соң 2024 көшеде жарықтың жоқ екені анықталды. Сондықтан 2019 жылы бюджеттік қаржы қайта қаралып, осы бағдарламаны орындауға жұмсалды.

«Біз өткен жылы қаланың шет аймағындағы Алатау, Наурызбай, Түрксіб, Жетісу аудандарындағы 329 көшеге жарық жүргіздік. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб аудандарында сыртқы жарықты орнату бойынша жұмыс басталды. Қалаға осыдан бірнеше жыл бұрын қосылған ықшамаудандарға басымдық берілуде. Бүгінгі күні 157 көшеде жарық беру жұмыстары жүріп жатыр», - дей келе Б. Сағынтаев жарықтандыру деңгейіне жайлылық қана емес, қаланың қоғамдық қауіпсіздігі де байланысты екендігін атап өтті.

2020-2021 жылдар ішінде қаланың Алатау, Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандары аумақтарын 100 процент жарықтандыру бойынша жұмысты аяқтау жоспарланған.

Жалпы қаланың барлық аудандарындағы 2024 көшеге, оның ішінде Алатау ауданынындағы – 413, Алмалы ауданындағы – 84, Әуезов ауданындағы – 89, Бостандық ауданындағы – 155, Жетісу ауданындағы – 84, Медеу ауданындағы – 273, Наурызбай ауданындағы – 312, Түрксіб ауданындағы - 614 көшеге жарық жүргізілетін болады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі