Алматының тарихи келбетін сақтау: орталықта 69 үйдің қасбеті жөнделді, келесі жылы 50 үйдің қасбетін жөндеу жоспарланған

25.12.2020

Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің м.а. Архат Омаров өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаланың тарихи ғимараттары келбетін сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау барысы жайлы хабарлады.

Мысалы, үстіміздегі жылы 69 көппәтерлі үйдің қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарының барлық түрлері, соның ішінде бояу және т. б. жүзеге асырылды, келесі жылы Алмалы ауданында 50 үйдің қасбетін жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар мәдени ортаны дамыту мақсатында Жазушылар одағының ғимаратын жөндеу, №4 кітапхана мен Чехов атындағы қалалық кітапхананы жаңғырту жұмыстары аяқталды.

«Абылай хан даңғылында орналасқан Жазушылар одағының тарихи ғимараты бойынша жұмыс 2019 жылы басталған. Бүгінгі таңда барлық жұмыс 100% аяқталды. Күрделі жөндеу аясында шатыр мен  желілер жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді», — деп атап өтті Архат Омаров.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ақын, журналист әрі редактор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Алматы қаласының әкімдігіне инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шешкені үшін алғыс білдірген болатын. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары Жазушылар үйінің негізгі ғимаратында да, мәжіліс залында да жүргізілген.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі