Алматының шеткі аймақтарында 40 шақырымнан астам жаңа жолдар салынды

07.12.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ОКҚ-де өткен брифингіде «Жаңа Алматының» шеткі аймақтарын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы айтты.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желілері тартылды. Нәтижесінде «Жаңа Алматы» ықшамаудандарының 50 мың тұрғыны сумен қамтудың және суды бұрудың орталықтандырылған жүйесіне қосылды.

2019 жылы аудит жүргізіліп, оның барысында 2,3 мыңға жуық көшенің жарықтандырылмағаны анықталды. Нәтижесінде 2 жылдың ішінде қаланы толықтай жарықтандыру бойынша шешім қабылданды. Жыл соңына дейін қала шетіндегі 1423 көше жарықтандырылады. Бұл қаланың Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб аудандарын 100% жарықтандыруды қамтамасыз етеді.

2021 жылдың соңына дейін қалған Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы 601 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Осылайша, Алматы қаласын 100% жарықтандыруға қолжеткізіледі.

Жол инфрақұрылымын дамыту аясында «Жаңа Алматы» ықшамаудандарында 42,8 шақырым жол салынды. Ұзындығы 192 шақырым болатын 270 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, 86 шақырым тротуар салынып, жөнделді. 4 саябақ және 5 жаяу жүргінші аймағын абаттандыру қарастырылған.

Биыл жоспардағы іс-шаралардың барлығы толығымен орындалды. Келер жылы шеткі аймақтарды дамыту жобалары іске асырылады, бұған барлық  қаржыландыру көздері арқылы 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау  жоспарлануда.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі