Алматының шалғай аудандарына жылжымалы егу пункттері жіберіледі - Н. Табынбаев

09.04.2021

КВИ бойынша Алматыдағы жағдай өте күрделі. Күн сайын 700-ден астам жағдай тіркеледі. Ауруханаға жатқызылатындар саны 400 адамға жетеді. КВИ-дан 3520 алматылық емделіп жатыр, оның ішінде 71 бала. 700-ге жуық науқастың жағдайы ауыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді.

Жағдайды тұрақтандыруға тек вакциналау ғана көмектеседі. 1 млн-ға жуық алматылыққа екпе жасау жоспарланған. Осы мақсатта егу пункттерінің саны біртіндеп артып келеді. Науқан басында барлығы 35 болса, қазір - 182, қажетті максимум - 250. Медициналық мекемелерден басқа, вакциналау пункттері адамдар көп жиналатын жерлерде, СОО-да орналастырылды, ал жетуі қиын аудандарға жылжымалы егу пункттерін жіберу жоспарланып отыр. Қазір арсеналда осындай 4 машина бар.

«Тұрғындарды жаппай вакциналау үшін штаб құрылды, вакциналауға жататын тұрғындар саны есептелді, қажетті қосымша егу пункттерінің саны мен орналасатын жері анықталды; вакциналарды жеткізу және сақтау кезінде суық тізбекті сақтау үшін егу пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру жүргізілді, вакцина алатындар қатарын арттыру үшін жоспар-схемалар жасалды; медицина кадрларының, еріктілердің қосымша саны есептелді, оларды кезең-кезеңімен семинар-тренингтер түрінде оқыту жүргізілуде. 396 егу бригадасын іске қосу жоспарланған; қызметкерлер үшін операциялық процедуралардың алгоритмдері мен стандарттары, вакциналарды қоймадан егу пункттеріне дейін тасымалдау схемалары мен алгоритмдері әзірленді», - деп атап өтті спикер.

Нәтижесінде 1 ақпаннан бастап 49 мың адам вакциналанды, олардың 12 281-і вакцинаның екі компонентін алды. Соңғы тәулікте 1 180 адам екпе жасатты.

13 сәуірге дейін тағы 69 мың доза, ал айдың соңына дейін 300 мыңнан астам доза жеткізіледі деп күтілуде. Оларды таратумен арнайы құрылған штаб айналысады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі