Алматы қаласының Бас жоспары жобасы бойынша жұмысты аяқтау 2020 жылдың соңына белгіленген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов атап өткендей, Алматы қаласының Бас жоспары жобасын бекіту 2021 жылдың І тоқсанына жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Алматы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы саласындағы қызметті үйлестіруге мүмкіндік беретін құзыреті кеңейді. Осы Заң қабылданғаннан кейін қала мен қала маңы аймағын бірге теңгерімді дамыту мүмкіндігі пайда болды.
«Бас жоспарды түзетудің негізгі мақсаты қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қауіпсіз, қолайлы, жайлы қалалық орта құру болып табылады, бұл Алматыны «шетсіз қала» етеді», - деді ол.
«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға дизайн-кодты енгізу бойынша да норма енгізілді, бұл Алматы қаласы аумағындағы ғимараттар қасбетінің, жарнама конструкцияларының архитектуралық шешімдеріне, жазғы алаңдарға, шағын сәулет нысандарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ олардың орналасуын жүйелендіріп, ретке келтіреді.
«Алматыда дизайн-кодты енгізу – Қазақстан үшін пилоттық жоба. Бұл жұмыс мұқият зерттеуді, шығармашылық көзқарасты және нақты белгіленген ережелерді талап етеді. Бірқатар тармақ бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Алайда пандемияға байланысты қоғамдық тыңдаулар біраз уақытқа тоқтатылды», - деді А. Ахмеджанов.
Бұл ретте ол биыл қаланың көптеген жазғы алаңдары жалпы талаптарды ескере отырып безендірілгенін атап өтті. Жөндеуге немесе реконструкциялауға дайындық кезінде кейбір ірі тамақтану орындары ғимарат пен оған іргелес аумақты безендіру бойынша ұсынымдар алу үшін басқармаға жүгінуде.
«Бірыңғай ереже құру бойынша жұмыс жалғасуда. Дизайн-код жобасы қала тұрғындарының талқылауына ұсынылады. Құжатты енгізу бойынша қоғамдық тыңдауды қайта бастау мерзімі қала мен елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты», - деп атап өтті А. Ахмеджанов.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі