Алматының Өңірлік кеңесінде ШОБ-ті қолдау мәселелері талқыланды

24.12.2020

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысы өтті, онда бизнес қауымдастықтың проблемалық мәселелерін шешу бойынша атқарылған жұмыстың жылдық қорытындысы талқыланды.

Онлайн кездесу барысында экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының тізімін кеңейту, мемлекеттік қолдау шаралары, қолданыстағы карантиндік шектеулер, мониторингілік топтардың жұмысы және басқа да мәселелер қаралды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры А. Қошмамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері кәсіпкерлікті қорғау желісі бойынша 207 өтініш түсіп, оның 172-сі оң шешімін тапқан. Қорғалған меншік құқығының сомасы 4,7 млрд теңгені құрады.

Қолдау тетіктері түрлі бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құны 121,2 млрд теңгені құрайтын 66 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Бүгінгі күні мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 11 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 84,5 млрд теңге бөлінген және 19,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша 2,6 мың адам білімін жетілдірді. 2019 жылы жоба түлектеріне 818 грант берілді, ал 2020 жылы бағдарламаға қатысқан 687 адам грант алды. Бүгінгі күні 2020 жылдың 1 334 түлегі өз кәсібін ашты.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП Білім беру ұйымдарының реестріне 96 оқу орталығы енгізілген, мыңнан астам жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам қысқа мерзімді кәсіби оқудан өтті. Техникалық және кәсіптік білім беру орындарының 3,5 мыңға жуық студенті «Кәсіпкерлік  негіздері» пәні бойынша үш айлық 36 сағаттық факультативтік курста оқып шықты.

Өңірлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша келер жылғы жұмыстың басты бағыттары айқындалды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі