Алматының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 608,2 млрд теңгеге жетті

05.11.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2020 жылы пайдалануға берілетін инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны қаралды.

Үстіміздегі жылдың 9 айында мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 608,2 млрд теңгені құрады, ФКИ - 112,6%. Салыстыратын болсақ, 2019 жылдың осы кезеңінде инвестиция көлемі 534,6 млрд теңгені құраған еді.

Жыл басынан бері 179 млрд теңгенің 34 жобасы іске асты. Оның ішінде 130,7 млрд теңгенің 19 ЖТК және өңдеу өнеркәсібіндегі 32,6 млрд теңгенің 7 жобасы. Олар автокөлік шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan», қағаз өнімдерін шығаратын «Papirone», май өнімдерін шығаратын «Маслодел», автоматты қақпалар жасайтын «DoorHan» зауыттары. Бұдан өзге, «Бротмастер», «Samruk Group», «Ala Estate» өндірістік парктері құрылды.

Әлеуметтік мақсаттағы 3 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде TAMOS & Prestige мектебі, Ш.Уәлиханов атындағы халықаралық мектеп, SEN көпсалалы музыка орталығы бар. Сондай-ақ сауда және халыққа қызмет көрсету саласында 5 нысан салынды.

Жыл соңына дейін жалпы құны 454,3 млрд теңгені құрайтын 82 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар 67 ЖТК, өңдеу өнеркәсібі саласындағы 5 жоба - «Казферросталь» зауытының шаршы дайындама шығаратын жаңа желісін іске қосу, жұмыс істеп тұрған «Интермультсервис» картон және қағаз шығаратын зауытты кеңейту, «Евразкабель» кабель өнімдерін шығаратын зауыттың екінші желісін іске қосу, «Г.С.Г. Высотник» автоклавталған ұялы газобетон өндіретін зауытты салу.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың соңына дейін сауда және қызмет көрсету саласында 82 жобаны іске асыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандарды пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 900 млрд теңге деңгейінде, ФКИ - 107% деп болжануда. Алматы әкімі Б.Сағынтаев жоспарланған индикаторларды орындау үшін инвестициялық жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі