10.10.2022

Негізгі жұмыс Ақжар ықшам ауданының 89 көшесінде жүргізілмек.

Алматының Наурызбай ауданында 45 шақырымдық жаңа жол салынады. Негізгі жұмыс Ақжар ықшам ауданының 89 көшесінде жүргізілмек.

Бұған дейін Алматы әкімінің аудан тұрғындарымен болған кездесуінде көпшіліктің көңілін алаң қылғаны да осы жолдың жайы еді. Тұрғындар қала басшысының көшедегі аяқталмаған жұмыстарға мән беруін сұраған. Бүгінде мұнда 8 шақырымдық жол асфальтталып, 4 көшеде жағдай жақсарды. Ендігіде жөндеудің екінші кезеңі басталады дейді әкімдік маманы.

«Қазір екінші кезең бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Жоспарға сәйкес, 13 шақырым жолға жөндеу жүргізілді. Жалпы Қарағайлы, Қарғалы мен Шұғыла шағынауданы қамтылады», – деді Наурызбай ауданы әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы Оңалбек Қыдырбаев.

Жол ғана емес, алаңқайлар мен спорт алаңдарының да жағдайы жақсармақ. Мәселен, Ақжар шағынауданында 10 мың шаршы метрлік саябақ жөндеуден өткен.

«Саябақтағы жұмыстар биылғы маусым айында басталған еді. Бүгінде 95 пайызын аяқтадық. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, ағаш отырғызылып жатыр. Жоспар бойынша, бейнебақылау камералары да орнатылады», – деді Наурызбай ауданы әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы Оңалбек Қыдырбаев.

«Жаңа саябақтың салынғанына қуаныштымыз. Бұрынғысы аумағы бойынша кішкентай еді. Тұрғындардың бос уақытта демалатын, қыдыратын жері болғаны жақсы ғой», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Аслан Ілиясов.

«Саябақ әрине, жақсы. Ағаш отырғызылып жатқаны қуантады. Ауа тазарады, айналамыз әдемі болады. Балалар да қуанып жүр», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Алла Гонтарь.

Аудан тұрғындары қала басшысымен кездесуде балаларға арналған алаңдардың жоқ екенін де айтқан еді. Көп тілеуіне сәйкес, қазір Қалқаман шағын ауданында спорт алаңқайлары мен балаларға арналған орындар жасалып жатыр. Мамандар аталған аумақтарды қазан айы аяқталғанша қолданысқа береміз дейді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.