Алматының Наурызбай ауданында «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша 50 жоба мақұлданды

03.08.2021

Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде сөйлеген сөзінде аудандағы «Бюджетке қатысу» жобасының жүзеге асырылуы мен тұрғындарды қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мәселелерінің шешімі туралы айтты.

С. Тоғайдың айтуынша, аудан тұрғындарының демалуы үшін қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындарын құру үшін Шұғыла шағын ауданындағы әкімшілік орталықтың алдында және Қалқаман шағын ауданында саябақтар ашу, сондай-ақ Қарғалы өзенінің жағалауын абаттандыру жоспарлануда.

«Биыл бізге 100-ден астам ұсыныс түсті, оның ішінде 50 жоба мақұлданды. Жобаның аясында 18 жерде балалар мен спорт алаңдары салынады, 17 мекенжайда жасыл аймақтар ұйымдастырылады, жаяу жүргіншілер жолдары салынады, ал қалған 15 жобада арық желісін салу, жарықтандыру, аялдамалар салу және тағы басқалары жүзеге асады», - деді аудан әкімі.

С. Тоғай сонымен қатар «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Қалқаман, Қарағайлы, Шұғыла, Мейрам, Таусамалы шағын аудандарындағы балалар мен спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілетінін атап өтті. Онда тротуарлар, жаяу жүретін жерлер, көшелер мен саябақтар жөнделеді. Тастыбұлақ шағын ауданында тұрғындардың көптеген тілектері бойынша жарықтандыру желілері жөнделеді.

Жоба аясында Тастыбұлақ, Қалқаман, Таусамалы, Қарағайлы шағын аудандарындағы аялдама кешендері мен қоқыс алаңдары жөнделеді.

Наурызбай ауданының әкімі тұрғындарды қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету туралы да айтты. Оның айтуынша, бүгінде қоғамдық көліктер ауданда 21 бағыт бойынша жүреді.

С. Тоғай қоғамдық көлік мәселелерін шешу үшін қолданыстағы бағыттарда автобустарды көбейту, сызбаларды өзгерту, қолданыстағы бағыттарды ұзарту және жаңа бағыттарды ұйымдастыру нұсқасы қарастырылып жатқанын атап өтті.

Мысалы, «Шұғыла» шағын ауданына кіретін бағыттарды, 44 бағыттағы автобустар санын көбейту, автобустар санының артуымен 110 маршрутты Мереке көшесіне дейін ұзарту жоспарлануда. Сондай-ақ Үшқоңыр мен Сейдімбек көшелерін қамтитын №39 маршрут схемасын, сондай-ақ бірде бір маршрут жоқ Құрамыс шағын ауданын өзгерту жоспарда бар.

Әзірге №104а бағдары Байзақ батыр, Ақтамберді жырау, Жүнісов, Кенжетаев, Жақыбаев көшелерін қамти отырып өзгертілді.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі