Алматының мемлекеттік қызметшілеріне ротацияның жаңа қағидасы түсіндірілді

26.11.2020

Мемлекет басшысы 13 қарашада мемлекеттік қызмет саласындағы кейбір актілерге өзгерістер енгізу қарастырылған Жарлыққа қол қойды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және ауыстыру жөнінде енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша онлайн вебинар өткізді. Вебинардың спикері ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Дастан Секенов сөз сөйледі.

Вебинар барысында департамент басшысы саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілгенін атап өтті (бұрын ротация тек әкімшілік қызметшілерге қолданылған).  

Сонымен қатар «Б» корпусы қызметшілерін ротациялау туралы айтылды.  Яғни, әкімдіктің басқарма басшыларының аймақаралық ротациясы енгізілді (бұрын оларды ротациялау бір әкімдіктің ішінде болатын). Бұл ретте мұндай  ротация агенттік келісімімен жүзеге асырылады, яғни әкімдіктерде командалық ауысуға жол бермеу көзделген.

Бұдан бөлек, белгілі бір басшылық лауазымдарды, оның ішінде әр түрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін «Б» корпусы қызметшілерін ерікті ротациялау енгізілді.

Сонымен бірге, «Б» корпусы қызметшілерін мемлекеттік орган ішінде ауысу тәртібінен тағайындау мүмкіндік берілді. Яғни, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік орган ішінде ауысу тәртібімен тең лауазымға және сол мемлекеттік органда соңғы екі жылда төменгі лауазымда жұмыс өтілі бар болған жағдайда жоғарғы лауазымға тағайындала алады.

«Ротацияның негізгі мақсаты мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру, жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірбиесін дамыту және тиімді пайдалану», - деп атап өтті спикер.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі