Алматының Медеу ауданында мектептердегі орын тапшылығы қысқаруда

23.12.2021

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында осы мақсатта жасалып жатқан жұмыстар мен басқа да әлеуметтік нысандардың ашылуы туралы айтып берді.

Спикер атап өткендей, ауданда жалпы 33 079 оқушыны қамтитын 28 мемлекеттік және 19 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Бұл ретте тапшылық 4500 орынды құрайды.

«Бұл мәселені шешу үшін 300 орынды қосымша құрылысы бар №48 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмысты 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алатау шағын ауданындағы №7 мектептің сейсмикалық күшейтілуімен күрделі жөндеу аяқталды», - деді Ә. Масабаев.

Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жалпы 602 орынға арналған Prime School, Global Education және EPG Prometheus School сияқты 3 жекеменшік мектеп салынып, пайдалануға берілгені белгілі болды. Осы жобаларды іске асыру ауданның орталық бөлігінде оқушы орындарының тапшылығын 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Алатау шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Жоспарда 5 жолға арналған жүзу бассейні, балалар бассейні, тренажер залы және теннис үстелдері қарастырылған.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі де кеңеюде. Бүгінде ауданда 18 балабақша мен 82 жекеменшік балабақша бар. Тәрбиеленушілердің жалпы саны - 6001. 2021 жылдың басынан бері жеке инвесторлар есебінен 306 орынды 6 балабақша ашылды. Биыл №141 балабақшада күрделі жөндеу аяқталды. №114, 116 балабақшаларда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл жобалық қуаттылықты әрбір балабақшада 50 орынға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Медеу ауданы әкімінің айтуынша, Кеңсай шағын ауданында жалпы ауданы 166,8 шаршы метр болатын жаңа дәрігерлік амбулатория ашу жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру Кенсай массивінің ғана емес, Сұлусай шағын ауданының тұрғындарын да қамтуға мүмкіндік береді. Ашудың жоспарлы мерзімі – 2022 жыл.

Думан шағын ауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құлжа тас жолының бойында ересектерге арналған 250 төсектік онкологиялық орталық және ЖИТС орталығының бөлімшесі бар хоспис салу жоспарланған.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі