02.06.2022

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исхар Савазовтың айтуынша, Алматы аумағында шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленді.

«Олар – Сайран көлі (Алматы ауданы жағында, Төле би көшесінен 200 метр жерде); Сайран көлінің батыс жағы (Әуезов ауданы жағында, Төле би көшесіне қарама-қарсы 300 метр жерде); «Баум бағы» маңындағы Д. Қонаев атындағы үлкен Алматы каналының бойы; Гүлдер демалыс аймағы. Осы 4 су қоймасынан басқа Есентай, Кіші Алматы өзендері сияқты тау өзендерінде суға түсуге тыйым салынады», - деді Исхар Савазов.

Сонымен қатар ол суда болатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар қауіпсіздік ережесін сақтауды сұрады. Рұқсат етілмеген жерге шомылуға, жүзе білмейтін адамға суға түсуге, жағалаудан алысқа кетуге, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға, түнде әрі мас күйінде суға түсуге тыйым салынады.

«5 адамнан тұратын құтқару қызметі жағалауларда тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Рейд шаралары суға түсуге рұқсат етілген жерлерде ғана емес, тыйым салынған жерлерде де өткізілуде. Дрондар халықты ақпараттандыру үшін де қолданылады», - дейді спикер.

Айта кетейік, рұқсат етілмеген жерлерде суға түскендер әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейді.

Ақпарат көзі: inform.kz