12.11.2021

Дәрігерлер COVID-19 пациенттерін, соның ішінде өкпені вентиляциялық желдетуді қажет ететіндерді қабылдауға толық дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді.

Лаура Мырзағалидің айтуынша, 18 ковидті стационарда 1774 төсек-орын ашылған.

Сонымен қатар өткен тәулікте Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 146 жағдайы тіркелді, оның ішінде 136-сы симптомды, 10-ы симптомсыз.

- Ковидтік стационарларда 792 пациент, оның ішінде 20 бала бар. Барлық инфекциялық стационарларда ӨЖЖ және High flow аппараттары бар. Реанимация бөлімшелерінде 81 адам емделуде. Дәрігерлер мен қызметкерлер саны да жеткілікті, - деді Лаура Мырзағали.

Айта кетерлігі, дәрігерлер үйде емделіп жатқан 1418 пациентті бақылауда, оларға күн сайын Телемедицина орталығынан қоңырау шалынады әрі мобильді бригадалар барады.

Лаура Мырзағали қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының айтарлықтай төмендегенін, алайда жағдайды тұрақтандыру және жаңа инфекциялардың алдын алу үшін барлық науқастар мен вакцина салдырғандарға ревакцинация жүргізу ұсынылатынын атап өтті. Бұл процедура тегін және қолжетімді.

Бүгінде вакциналау басталғаннан бері I компонентпен 1 006 564 адам, II компонентпен – 946 920 адам егілді. Егілгендердің жалпы санынан 60 жастан асқандар 121 498 адам.

Еске салсақ, қалада медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен СОСО-да 132 вакцинация пункті бар. Бұларда 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы жұмыс жасайды.

 

 

Дереккөз: almaty-akshamy.kz