27.12.2021

«Индустриялық аймақ-Алматы» ЖШС директоры Әділ Амралин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Индустриялық аймақтың 2021 жылғы қызметінің қорытындылары туралы айтып берді.

Оның мәліметінше, іске қосылған жеті жобаның жалпы құны 48 миллиард теңгеден асты, 749 жұмыс орны ашылды. Жақын күндері 65 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге «Қаз-Диа-Тест» ЖШС-нің тағы бір жобасы іске қосылады.

Әділ Амралин құрылған әрбір өндіріс туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, осы жылдың ақпан айында құны 11,3 млрд теңгеден асатын мыс және алюминий созба сым шығаратын Еуразиялық металлургия зауыты («KMK Investment» ЖШС) алғашқылардың бірі болып ашылды.

«Кәсіпорында қосымша 80 жұмыс орны құрылды, ал оның өндірістік қуаты жыл сайын 25 000 тоннадан астам өнімді құрайды. Айта кету керек, Еуразиялық Энергокомбинат бірден бірнеше өндірісті қамтиды. Бірінші кезеңде 2018 жылдың қыркүйегінде инвестициялық компания өндіріс қуаттылығы жылына 100 000 км кабельден асатын Евразкабель Кабельдік-өткізгіш өнімдерін шығаратын зауытты іске қосты», - деді Алматыдағы ИА директоры.

Кейінгі жылдары инвестициялық компания Алматы индустриялық аймағында полиэтилендер мен пропилендер, қорытпалардан жасалған аса жеңіл кабельдік науалар өндірісін іске қосуды, сондай-ақ инновациялық әзірлемелер саласындағы ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлап отыр.

Астана күніне орай Алматының Индустриалды аймағында автоклавты газобетон өндіретін екі кәсіпорын – «СК Рахат» ЖШС және «Г.С.Г. Высотник» ЖШС іске қосылды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын Әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үйдің ірі құрылыс салушыларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. «СК Рахат» ЖШС өндірісінің бірінші кезеңінің құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорында жылына 180 мың текше метр өнім шығару жоспарланып отыр, 40 жаңа жұмыс орны ашылды. «Г.С.Г. Высотник» ЖШС инвестиция сомасы 1,4 млрд теңгеден асты. Өндіріс қуаттылығы жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығарады, 85 жаңа жұмыс орны ашылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Индустриялық аймақта ең ірі өнеркәсіптік нысан – үлкен диаметрлі болат дәнекерленген құбырлар шығаратын «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның өнімі мұнай, газ, су, мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған және оны тау-кен, құрылыс, химия өнеркәсібінде, энергетикада пайдалануға болады. Сондай-ақ, коррозияға қарсы жабындар өндірісі жолға қойылған. Зауытта 304 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалық қуаттылығы жылына 100 мың тонна құбыр өнімдерін құрайды.

Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта «Қаз-Диа-Тест» ЖШС медициналық диагностикалық тест-жүйелерін шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Компания инфекциялық және онкологиялық ауруларға жедел тесттер жүргізуді, қоректік орталардың алғашқы отандық, сериялық өнеркәсіптік өндірісін дамытуды жоспарлап отыр.

Сөзінің  соңында Әділ Амралин шағын және орта бизнесті жүргізуге арналған ең үздік форматтардың бірі – шағын өндірістік  парктерді іске асыру жөніндегі жоба туралы айтып берді.

«Олар Индустриалды аймақта да, Алматы қаласында да ашылды. Биыл Алатау ауданында «Asia Prom Textile» ЖШС және Индустриалды аймақта «ADS Industries» ЖШС екі өндірістік парк іске қосылды, инвестиция сомасы 500 млн теңгеден астам, 170 жұмыс орны ашылды», - деп толықтырды Ә. Амралин.

2021 жылдың соңына дейін қосымша 3 өнеркәсіптік парк іске қосылады, оның ішінде индустриялық аймақ аумағында «ALAESTATE» ЖШС және «KazStroyTrade» ЖШС және Түрксіб ауданында «CityBus» ЖШС, жалпы инвестиция сомасы 980 млн теңге, 235 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі күні Алматының өнеркәсіптік парктеріндегі өндіріс орындарының жалпы алаңы 17 435 шаршы метрді құрайды, инвестициялардың жалпы сомасы 1,2 млрд теңге және 424 жұмыс орны құрылды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.