26.07.2021

Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында басты әлеуметтік мәселелерді шешу туралы хабарлады. Ол жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті жаңа жұмыс орындарын ашу екенін айтты.

А. Рахымбетов 2021 жылдың басында 4 000 жұмыс орнын ашу бойынша жылдық жоспар белгіленгенін, қазіргі кезде 66%-ға жуығының орындалғанын, 2 670 жұмыс орнының ашылғанын айтты.

«Жыл соңына дейін жоспарды 117,5% орындап, 4 699 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, 1 230 жұмысшы құрылысқа жұмылдырылып, жаңа коммерциялық нысандарға жұмысқа орналасады. Олар жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында ашылады, сондай-ақ спорттық, әлеуметтік нысандарда, энергетика мен абаттандыруда жұмыс орындары пайда болады», - деді А. Рахымбетов.

Бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Бостандық ауданының әкімі қала тұрғындарын қолдауға әрі жұмысқа орналастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы айтты.

««Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда 2 802 адам жұмысқа қабылданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 184 алматылық жіберілді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 171 адам жұмысқа тұрды, қоғамдық жұмыстарға 1117 адам жіберілді, ауданның 1171 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналастырылды», – деді А. Рахымбетов.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі