Алматының Алмалы ауданында көлік тұрағына айналған аумақ жүргіншілерге берілді

08.11.2022

Ауданында қазірдің өзінде 23 нысан абаттандырылды.

Алматылық зейнеткер Жанат Есжанова Қазыбек би көшесіндегі № 85 үйде тұрады. Ол 26 тамызда өткен қала әкімінің Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуіне барған. Оның айтуынша, жауын-шашын кезінде арық арнасынан асып, ондағы су айналаға жайылатын көрінеді. Халық кейде жаңбыр суының көптігі жертөлеге дейін жете ме деп қорқады. Құрылыс саласында көп жылдар еңбек еткен зейнеткердің айтуынша, жиі су баса берсе, онсызда ескі үйдің іргетасын босатып жіберуі мүмкін. Мәселені шешу үшін Чайковский көшесінен бастап Қазыбек биден Төле биге дейінгі аралыққа 42 метр тротуар салынды.

«Кездесуде барлық халыққа уақыт жетуі үшін 2 сұрақтан артық қойдырмайды ғой. Талап бәрімізге ортақ. Дегенмен қала әкімі менің барлық талап-тілегіме құлақ асты. Мұндай кездесулердің болғаны өте жақсы деп санаймын. Көтерген мәселеме дер кезінде назар аударылып, менімен сөйлесуге мамандар келді. Алмалы ауданының әкімдігі өздері сұрақты шешу жолын ұсынды. Бізбен талқылаған соң, жұмысқа бірден кірісіп кетті», – деді қала тұрғыны Жанат Есжанова.

Бұл – Төле би мен Мұратбаев көшесінің қиылысы. Аумақ біраз уақыт бұрын қаңтарылған көліктен көз ашпайтын. Жұрт жүргіншілер үшін жол қалмады деп шағымданған. Аз уақыт ішінде 82 метрге тақтайдай тегіс жол төселіп, тротуар жасалды. Жуық арада бос қалған жерге ағаш отырғызылмақ. Енді халық қауіпсіздік үшін уайымдамай, діттеген жеріне барып, емін-еркін серуендей алады. Тура осындай жағдай Төле би мен Әйтиев көшесінде де болған еді.

«Төле би мен Әйтиев көшесінде де жол көлік тұрағына айналған. Мұнда да 92 метрге жол тегістеліп, тротуар салынды. Тұрғындар үшін өте ыңғайлы болды. Осы аумақтағы бос қалған аралық абаттандырылады», – деді Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Тоқсанбаев.

«Алмалы ауданында тұрамын. Бұл маңда итіммен жиі серуенге шығамын. Шын мәнінде мұнда жүргіншілер жүре алмайтын еді. Жолдың сапасы нашарлап, оның үстіне көліктен аяқ алып жүру мүмкін емес еді. Кездесуден кейін өзгерістердің болғанына таңғалдым», – деді қала тұрғыны Маргарита Долгих

Айта кетейік, Алмалы ауданында қазірдің өзінде 23 нысан абаттандырылды. Ал жолдың сапасын арттыру мақсатында ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.