Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолжетімді өндірістік алаңдар ұсыну мақcатында өндірістік парктер құрылып жатыр.
Алғашқы өндірістік парктер Наурызбай және Түрксіб аудандарында жұмысын бастады, олар – «Брот Мастер», «Ala Estate» және «Samruk Group». Бұларда жалпы алаңы шамамен 12 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс орындары бар. Мұнда құрылыс материалдарын, жиһаз, азық-түлік, сусын, қуырылған кофе, галантерея бұйымдарын шығаратын цехтар жұмыс істейді. Жобаларды жүзеге асыруға шамамен 760 млн теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар 340-тан астам жұмыс орны құрылды.
Бұдан өзге, Алматының Индустриалды аймағында өндірістік парктерді құру үшін төрт кәсіпорынға жер учаскелері бөлінді. Олар - «KazStroyTrade» ЖШС, «D&J Investments & Logistic,» «ADS Industries» және «Ala Estate». Тағы бірі - «Asia Prom Textile», ол қала аумағында.
Қазіргі кезде компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы өндіріс нысандардын 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында іске қосу жоспарлануда. Өндіріс орындарының жалпы алаңы 37,5 мың шаршы метрді құрайды.
Бүгінгі күні өндірістік парктердің инвесторлары алдын ала 19 кәсіпорынмен жалға алу келісім шартын жасады. Мұнда жаңа өндірістердің тұтас кешенін құру жоспарлануда: яғни электр жабдықтары, күн сәулесінен қорғайтын жүйе, гидроизоляциялық материалдар шығарылады, киім, шұлық пен іш киім тігіледі.
Айта кетерлігі, Алматыда биыл инвесторлар мен өнідірістік парктердің резидентттері үшін бірегей тетік әзірленді. Қалада арнайы комиссия құрылып, оның құрамына фармацевтика, құрылыс, жиһаз, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларының 6 қауымдастығының және кәсіпкерлер форумының мүшелері кірді.
Бекітілген нормаларға сәйкес мүдделі тұлғалар қажетті құжаттар пакетін жинақтап, Алматының Индустриалды аймағына жүгіне алады. Тексеруден соң жоба комиссияның қарауына жіберіледі, егер мақұлданса оған өндірістік парк мәртебесі беріледі.
Еске салсақ, өндірістік парктер жобасы «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Өндірістік орындар ШОБ субьектілеріне жеңілдетілген шарттармен ұсынылады: жалдау ақысы бір шаршы метрге 1000 теңгеден 1200 теңгеге дейін. Бұдан өзге, жалға алушылардың жылдық 2%-пен 7 жылға дейін жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жобаларды сүйемелдеу үшін консалтингілік көмек көрсетіледі: бизнес-жоспар құрудан бастап іске қосу, сондай-ақ нарықта өнімді әрі қарай жылжытуға дейін.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі